
Қарағандылық мұғалімдер ең жаңа зертханалық жабдықтармен жұмыс жасауды үйренді. Заманауи құрылғылармен пайдалану курсын АҚШ-тан келген маман өткізді. Химия, физика және биология пәндерінің мұғалімдері алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданып, оқушылармен бірге ғылыми зерттемелер мен сынақтар өткізетін болады. Бұл өз кезегінде дәрістерді анағұрлым қызықтырақ етуге септігін тигізеді.
- Қарағандылық мектептерде физика, химия және биология пәндерінің сабақтары үшін интерактивті зертханалар сатып алынды. Қазіргі таңда ондай зертханалар жүзден астам оқу ордаларында орнатылған. Енді ол жабдықтарды қолдана алуы үшін педагогтерді оқыту мәселесі көтерілді. Kazdidac қауымдастығы және «Базисный магазин» компаниясымен бірлесе отырып, біз мұғалімдерге арналған курстар ұйымдастырдық. Ол үшін арнайы түрде АҚШ-тан датчиктер өндіретін компанияны таныстыратын тернерді шақырттық, - дейді Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Есбол Арынов.
Курсты тыңдауға облыстың бірнеше қалалары мен аудандарындағы 10 мектептің мұғалімдері жиналды. Жаттықтырушының жетекшілігімен олар түрлі датчиктердің жұмысын меңгерді: магниттік күштерді, дыбыстық толқындарды, жүрек ырғақтарын, өсімдіктер фотосинтезін өлшеді және басқа зерттеулерді өткізуде тәжірибе жинақтады.
- Менің міндетім мұғалімдерді ғылыми зертханада заманауи технологияларды қолдануға үйрету болды. Бұл оқу процесіне енгізілетін жаңа жабдықтар. Оны пайдалану аясы тек физика, химия немесе биология сияқты пәнтермен ғана шектеліп қалмай, одан да кең ауқымды қамтиды. Мысалы ол физиология немесе жер туралы ғылым болуы да мүмкін, - деп түсіндірді жаттықтырушы Джерард Эзкурра. – Бұл датчиктердің артықшылығы мұғалімге де, оқушыға да аз уақыт ішінде үлкен жұмыс атқаруға мүмкіндік беруінде. Көп жазудың қажеті жоқ - компьютер өзі барлық деректерді жинайды, тіркейді, олардың кестесін жасайды. Жабдықтар пайдаланушылар үшін қарапайым, онымен 14 жастан жоғары оқушылар жұмыс істей алады.
Американдық маманның айтуынша, тыңдаушылар барлығын жылдам меңгеріп алып отырған. Шет елдік оқытушыға жергілікті мұғалімдердің өз оқушыларының игілігі үшін жаңа білімге деген ұмтылысы қатты ұнаған екен. - Мен биология пәнінен сабақ беремін. Курстар өте қажет және пайдалы. Білімнің жетіспеуінен біз бұл жабдықты қалай пайдалану керектігін білмедік. Енді зертханалық жұмыстарды әр түрлі зерттеулермен толтыра аламыз. Жаттықтырушы бізге барлығын өте қызықты көрсетті. Мысалы, фотосинтез бойынша тәжірибе жүргізіп, өсімдікті түрлі жарықта колбаға орналастыра отырып зерттеулер жасадық, - дейді Қарағанды қаласының № 79 ЖББОМ мұғалімі Ләззат Көбенова.
Сонымен қатар, мұғалімдер шет тілінің маманымен тәжірибе алмасты. Себебі жаттықтырушы сабақты ағылшын тілінде өткізді.
4 күндік курс аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға сертификаттар табыс етілді. Бұл оларға келешекте әріптестерін оқыту үшін жаттықтырушы болуға мүмкіндік береді.