
Қарағандыда 26 сәуірде мемлекеттік қызметкерлер арасында мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеретін жыл сайынғы байқау басталды. Биылғы жылы ол қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына арналған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» атты байқаудың басты мақсаты қазақ тілін еркін меңгерген, коммуникативтік қабілеті жоғары мемлекеттік органдардың қызметкерлерін анықтау және ынталандыру болып табылады. Бұл қазақ тілінің мәртебесін көтеруге және оны мемлекеттік қызметте пайдалануды кеңейтуге мүмкіндік береді.
- Байқауға қатысушылар кәсіби дағдыларын, мемлекеттік тілде өз ойларын еркін жеткізе білуі тиіс. Сондай - ақ, бай сөздік қоры мен белсенді азаматтық ұстанымы болуы керек, - дейді Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының жетекші маманы Бекзат Алтынбек.
Қазылар алқасы қатысушылардың жұмыстарын келесі критерийлер бойынша бағалайды: сөйлеу мәдениеті, тіл нормаларын сақтау, жауаптың толықтығы, ресми құжаттарды дұрыс ресімдеу және латын графикасындағы сауатты жазу дағдылары.
Биыл байқауға 16 команда қатысады. Сайыс 4 бөлімнен құралады: «Сәлемдесу», «Сыр сандық», «Қазақша оқы, latynsha jaz», «Ісқағаздар сөйлейді». Әр команда 4 адамнан тұрады. Олар қысқа таныстыру жасап, Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап беріп, латын әліпбиіне қанатты сөздер, мақал-мәтелдер жазу, сондай-ақ құжатты қазақ тілінде дұрыс дайындаулары тиіс.
Байқау жеңімпаздары ақшалай сертификаттармен және дипломдармен марапатталады.