
«Ауыл - Ел бесігі» аранйы жобасы Қарағанды облысында үш аудан орталығынан басталуда. Ол ауылдарды дамытуға, жаңартуға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Биыл инфрақұрылымдық жобалар Атасу, Нұра және Ұлытау ауылдарында іске асырылады.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Нұра ауылының тұрғындарымен кездесіп, оларға арнайы жобаның маңызы мен алдағы өзгерістер туралы баяндады.
Елбасы өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылым дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Ол үшін Үкімет «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасын даярлады.
Облыстарда өсім және тұрақты даму нүктелері бар келешегі зор ауылдар анықталды. Олар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды қарастыратын өңірлік стандарттарға сай жетілдіріледі.
Арнайы жобаны дамыту үшін қаржы республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден бөлінеді. Серік Шайдаровтың сөзінше, үш аудан орталығында инфрақұрылымдар мен әлеуметтік саланы дамыту бойынша 26 жоба жоспарланған.
Олардың алтауы Нұра ауылында жүзеге асырылады. Төрт жоба әлеуметтік саланы жақсартуға бағытталған. Аудан орталығында 8 жол жөнделеді.
Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту үшін билік басындағылар бір ғана арнайы жобамен шектелмейді. Түрлі бағдарламалар бойынша бюджеттік қаржы және жеке инвесторлар есебінен бұдан да басқа жобалар іске асырылады.