Қарағанды облысының ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелері туралы айтып өтті. Көктемнің келуімен өрт көздерін пайдалану кезіндегі қауіп-қатерлер өсуде, сондықтан құтқарушылар сақтық шаралары туралы еске салды.
- Саяжай маусымы басталғалы саяжай алқаптарындағы өрт саны артты. Бұл жайттар азаматтардың үй маңындағы аумақты құрғақ шөптен, жанғыш қоқыстан тазарту кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауымен байланысты. Бүгінгі таңда облыс бойынша саяжайларда 10 өрт тіркелді, - дейді облыс ТЖД бастығының орынбасары Біржан Кәрімов.
Оның айтуынша, табиғи өрттердің пайда болуының негізгі себебі халықтың отты абайсыз пайдалануы болып табылады: өтіп бара жатқан автокөліктерден тасталған сөндірілмеген сіріңке мен темекі, пикниктен кейін сөндірілмеген ошақтар, құрғақ шөпті бақылаусыз жағу.
Спикер отты қалай дұрыс жағу керектігін еске салды. Жақын жердегі ғимараттар мен құрылыстарға дейінгі қашықтық кемінде 50 метр болуы керек. Ал желді күндері от жағуға мүлдем тиым салынады. Табиғат аясында демалыс барысында да өте мұқият болу керек: сөндірілмеген темекі, сіріңке, сондай-ақ сынған шыны тастамаңыздар. Жаққан ошақтарыңызды толығымен өшіріп кету қажет.
Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысымен «Қарағанды облысының мемлекеттік орман қоры аумағында орман өрттерінің алдын алу және олармен күресу жөніндегі 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілді. Көктемгі-күзгі кезеңде облыстың Өртке қарсы қызметінің күштері мен құралдарын жоғары жауынгерлік дайындыққа келтіру тәртібі анықталды.
ТЖД бастығының орынбасары хабарлағандай, облыс аумағындағы орманды дала алқаптарындағы жағдайды бақылау үшін ғарыштық мониторинг қолданылады.
ТЖД мәліметтері бойынша, өрт қауіпті кезең басталғаннан бері облыс аумағында 438 га астам жерде 24 өрт пайда болу жағдайлары орын алған.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша