
Қарағандыда қаланың бұрыңғы әкімі, Құрметті азаматы Шәймерден Оразалиновты ақтық сапарына шығарып салу рәсімі өтті. Марқұммен қоштасу Станиславский атындағы театрда болды.
Шәймерден Әбілмәжінұлы 77 жасында өмірден озды. Марқұммен қоштасу үшін туыстарымен қатар жақындары мен достары жиналды. Жаназа шығару рәсіміне жерлесін құрметтеу үшін Солтүстік Қазақстан өңірінен облыстық мәслихат хатшысы Владимир Бубенко бастаған делегация келді – Шәймерден Оразалинов Петропавлда дүниеге келген. Сонымен қатар қаламыздың құрметті азаматымен қоштасуға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов келді.
- Бүгін қарағандылықтар белгілі қоғам қайраткері, тек Қарағанды облысында ғана емес, бүкіл Қазақстанға белгілі құрметті азаматпен қоштасып отыр. Шәймерден аға туралы, ол кісінің өмірбаянын ұзақ айта беруге болады. Алайда Шәкеңнің шын мәнісіндегі бейнесін онымен етене жақын болған, бірге жұмыс істеген адамдар толық айта алады. Ол өте еңбекқор, халқы үшін жанашыр адам болды, - деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.
Жиналған қауым Шәймерден Оразалинов Қарағандыны қиын қыстау кезеңдерде басқарғанын жылылықпен еске алды. Ол кез келген дағдарыстарға төтеп беріп, қала мен тұрғындарды коммуналдық қиындықтардан алып шығуда және басқа да проблемаларды шешуде тер төгіп, еңбек еткен жан.
- Біз Шәкеңнің отбасымен 60 жылдан астам уақыт дос болып келеміз. Студенттік шақта достасып, спорттың арқасында жақын болып кеттік. Біздің ерекше студенттік командамыз болған еді. Оның құрамында көптеген тамаша және танымал адамдар ойнаған. Шәке солардың арасында ең көрнекті ойыншы болатын. Себебі ол кісі барлығына жанашырлық танытып, керек кезде қатаң болды, дегенмен ол кісі қалжыңды жақсы көретін, әзіл-оспақты көтере алатын тамаша жан еді, - деп еске алды көмір саласының құрметті ардагері Григорий Презент. – Біз барлығымыз ерекше достан айырылдық. Бұл оның отбасы мен қарағандылықтардың барлығы үшін орны толмас қайғы. Иманды болсын!
Шәймерден Оразалинов 1942 жылы 11 қарашада Петропавлда дүниеге келген. 1965 жылы Қарағанды политехникалық институтын «Тау-кен инженері» мамандығы бойынша бітірген. Тау-кен саласында қатардағы шеберден бастап кен-байыту фабрикасының директоры лауазымына дейін көтерілген. 1984 жылы оны Қарағанды қаласы Октябрь ауданы атқарушы комитетінің төрағасы қызметіне шақырды. Осыдан кейін қала басшылығына келді. Шәймерден Оразалинов облыс орталығын 1987 жылдан 1997 жылға дейінгі он жыл аралығында басқарды. Қарағанды облысы әкімі жанындағы Тәртіптік кеңестің төрағасы болды.
Екі рет ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2009 жылдан бастап қайтыс болғанға дейін Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы болды.