
Ұлытау ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде қазақ күресінен ересектер арасында «Сарыарқа Барысы» облыстық турнирі өтті. Бұл ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне іріктеу жарысы болды.
Облыстық турнирге 185 балуан қатысты. Абсолюттік салмақ санатында Нұра ауданынан келген Бекзат Ахметбеков ең мықты деп танылды. Қарқаралы қаласынан келген Ерсін Мұхаметжанов есімді палуан күміс жүлдені иеленді. Олар 8 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстан Барысы-2019» додасында облыс намысын қорғайтын болады.
Облыстық турнирдің қорытындысы бойынша жалпы есепте бірінші орынды Осакаров ауданының құрамасы иеленді. Екінші орын Қарағанды командасына, ал үшінші орын Жаңаарқа ауданының құрамасына бұйырды.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы ел біріншілігінің жеңімпазы және 25 миллион теңге иегері қарағандылық балуан Ержан Шынкеев болған еді.