
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Өмір мен өлім арасындағы заттар» атты халықаралық көрме ашылды. Бұл 2010 жылы белгілі Швед коллекционері Турбьерн Ленскугпен бірге дайындалған Стокгольм әскери мұражайының жобасы. Содан бері алтын жүлде алған экспозиция әлемнің көптеген елдерінде болып қайтты. Енді бірегей әскери артефактілерді қарағандылықтар да тамашалай алады.
Көрме ҚР Қарулы Күштері күніне, Ұлы Жеңістің 74 жылдығына және Кеңес Одағының Батырлары Нұркен Әбдіров пен Қазбек Нұржановтың 100 жылдығына арналған. Экспозицияда окоп, блиндаж және алдыңғы қатарда болған сарбаздардың өмір сүруі үшін қажетті заттар қойылған. Бұл жүздеген ұсақ заттар: құтылар, дәрі қобдишалары, ыдыс-аяқ, консервілер, қырыну аспаптары, темекі, музыкалық аспаптар және т. б.
- Бұл әскери көрме келушілер назарына қару-жарақ та, киім-кешек те ұсынылмайтындығымен ерекшеленеді. Ол тұрмыстық бұйымдар арқылы күнделікті майдан өмірін көрсетеді. 2016 жылы Стокгольм армиясының жылжымалы көрмесі Қазақстанға келген болатын. Сол кезде экспонаттардың бір бөлігі ҚР Қарулы Күштері ұлттық-патриоттық орталығының Әскери-тарихи мұражайына сыйға тартылды. Бізде топтаманың ең қызықты бөлігі ұсынылған, - деді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағанбетов.
Көрме ашылғаннан кейін мұражайда «Ерлік даңқы мәңгі өшпейді» атты дөңгелек үстел өтті. Оған Нұркен Әбдіров пен Қазбек Нұржановтың туыстары мен құрметті қонақтар - ардагерлер: отставкадағы генерал-майор Мейрам Ысқақов пен запастағы контр-адмирал Кенжеберген Әбікеев қатысты.
- Осындай көрменің ашылуы және жастармен кездесу өткзіліп жатқаны қуантады. Көптеген адамдар соғыс туралы біледі, бірақ біздің батырларымыз туралы, олардың Отанын қорғаудағы батылдығы мен махаббаты туралы көбірек айту керек. Нұркен аға қайтыс болар алдында жанып жатқан ұшақты жау танкілерінің колоннасына жіберіп: «Мен Отан үшін өмір сүремін!» деген болатын. Осындай үлгі болар мысалдар арқылы біздің жастарымызды тәрбиелеуіміз керек, - деп атап өтті полиция полковнигі, Кеңес Одағының Батыры Әбубәкір Әбдіров.
Тарихи-өлкетану мұражайы сонымен қатар «Сарыарқа Генералы» жобасын бастады. Бұл шара аясында ардагерлермен, аты аңызға айналған адамдармен кездесулерді тұрақты түрде жүргізу жоспарланып отыр.
Ұрпақтар арасында жақсы қарым-қатынастар орнатудан бөлек, бұл қызықты экспонаттар алуға мүмкіндік береді. Контр-адмирал Әбікеев мұражайға теңіз кортигін сыйлады, ал Ысқақов өзінің бас мундирін берді.
«Өмір мен өлім арасындағы заттар» Халықаралық көрмесі 29 мамырға дейін жалғасады.
Анықтама телефондары: 30-11-36, 56-45-63.