Қарағанды облысының құтқарушыларына жаңа техника табыс етілді

Қарағанды облысының құтқарушыларына жаңа техника табыс етілді

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің және Ұлттық гвардияның №52859 әскери бөлімінің автопаркі жаңа техникамен толықтырылды. Арнайы көліктер мен құрылғылар құтқару қызметтерінің мобильділігін арттырады деп күтілуде. Құтқарушылардың және гвардияшылардың жұмыс жағдайларымен бүгін өңір басшысы Ерлан Қошанов танысып қайтты.
Облыстық ТЖД қауіпті аймақтан адамдарды көшіруге арналған вахтовкалар, өртті сөндіруге арналған автоцистерналар, жолаушылар автобусы және өздігінен жұк төгетін көліктер секілді 9 жаңа техникаға ие болды. Сонымен қатар құтқарушылар дала жағдайында жұмыс істеу үшін сыйымды жылы шатырлармен қамтамасыз етілді. Гвардияшылар үшін бес машина: тартқыш, бульдозер, экскаватор және екі вахталық автокөлік сатып алынды. Бұл техника адамдарды құтқару және қалың қар жауып, боран соққанда және су тасқыны кезінде тасымалдау үшін қажет.
Ерлан Қошанов құтқарушылар мен гвардияшыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, су тасқыны кезеңінде атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді.
- Биылғы жылы көктемгі су өткен жылмен салыстырғанда 80%-ға артық болды, су басу қаупі де болды, мұны сіздер жақсы білесіздер. Бірақ сіздердің ерліктеріңіз бен жанқиярлық жұмыстарыңыздың арқасында біз осы сын-қатерлерді сәтті еңсердік. Мен ауыл тұрғындары сізді күтіп, көмекке үміттеніп отырғандарын көрдім. Содан кейін адамдардың сіздерге алғыс білдіріп жатқан сәттеріне де куә болдым, - деді облыс әкімі.
Су тасқыны кезінде ерекше көзге түскен қызметкерлерге бұл күні алғыс хаттар табыс етілді.
Жыл соңына дейін ТЖД бөлімшелеріне тағы да бірнеше жол талғамайтын көлік, автоцистерна және вахталық автокөлік сатып алынады деп жоспарлануда. Қазір құтқарушылардың қарамағында 400-ге жуық техника бар.