
Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің басшысы мен екі қызметкері Отан қорғаушылар күніне орай мемлекеттік наградаларға ие болды.
Ақордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарағандылық Александр Минаевқа «Ерлігі үшін» медалін табыс етті. №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы көп қабатты үйдегі өрт кезінде екі баланы құтқарған.
Төтенше жағдай осы жылдың наурыз айында Қарағанды қаласындағы Резник көшесінде орын алды. Үйдің кіреберісі қою түтінге оранғанын көрген Александр Минаев баспалдақпен көтеріліп, үшінші қабаттағы балконнан сәбилерді төменге түсірген. Ол 10 жылдан астам азаматтық қорғау органдарында қызмет етіп келеді және осы жылдар ішінде өзін Үздік құтқарушы ретінде көрсете білген.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар Комитетінде екі қарағандылықтарға: облыстық ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметіні бастығы өртке қарсы қызмет подполковнигі Иван Комаровқа және Қарағанды қаласының №7 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, азаматтық қорғаныс аға сержанты Бақытжан Сәдуовқа наградалар табысталды. Иван Комаров ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, Бақытжан Сәдуов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Қызмет басшысы мен қатардағы қызметкер төтенше жағдайларда, ауруханада және биік ғимараттады өрт сөндіру кезінде өздерін үздік құтқарушылар ретінде көрсете білген. Бақытжан Сәдуов жанып жатқан көпқабатты үйдің сегізінші қабатында адамдарды байқап, құтқару операциясын ұйымдастырып, оған өзі қатысқан. Жүргізуші екі баланы төмен түсіріп, аман алып қалған.
Иван Комаров өрт кезінде профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығында қол астындағылардың жұмысын басқарып, жеке құрамды шебер жұмылдыра білген. Сауатты ұйымдастырылған іс-әрекеттердің арқасында ешбір адам зардап шеккен жоқ.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша