
Рамазан айының басынан Қарағанды мешіттерінде қайырымдылық акциялары өтеді. Облыстық мешіт көп балалы және аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратып, көмек көрсетті.
Ораза кезінде қаланың барлық мешіттерінде ифтар өтеді. Оларға жүздеген адам келеді. Келушілерге ыңғайлы болу үшін кей күндері тегін такси ұйымдастыру жоспарланып отыр.
- Мешіт әрдайым қайырымдылық шараларын ұйымдастырып отырады. Алайда мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында ол шаралардың саны екі есе өседі. Жақсылық жасау - бұл Жаратушының алдындағы үлкен іс, - деп атап өтті Әнет баба атындағы Облыстық мешіттің сайт редакторы Нәзира Байназарова.
Рамазан – мұсылмандар үшін қасиетті ай. Құранда айтылғандай, осы қасиетті айда Ораза тұту ислам дініндегі бес парыздың бірі. Рамазан ай күнтізбесінің тоғызыншы айы деп аталады. Оның күні айдың фазаларының ауысуына байланысты анықталады. Биыл Рамазан айы 6 мамыр мен 4 маусым аралығында болады.