
Қарағандыда Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар «Батырларға тағзым» шеруінен басталды. Қарағандылықтар қала көшелерінің бойымен өз ата-бабаларының портреттерін ғана емес, сонымен қатар Батыр Баян, Жидебай батыр, Аралбай батыр және басқа да батырларының суреттерін алып жүрді.
«Мәңгілік алау» мемориалының алдында митинг-реквием өтті. Қарағандылықтар қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
- Бұл еліміздің ең қасиетті мерекесі. Әр отбасының тарихы Ұлы Отан соғысымен байланысты. Біздің еліміздің үшін Ұлы жеңістің бағасы өте қымбатқа түсті: қаншама сынған тағдырлар, қайғы-қасіреттермен келген жеңіс. Мына тұрған біздер, ержүрек аталар мен аналардың ұрпақтарымыз. Олар біздерге нағыз отансүйгіштік пен патриотизмнің қандай болатынын көрсете білген үлгі тұтар жандар. Өкінішке орай, сұрапыл соғыс жылдары ерлік танытқан батырларымыздың қатары азайып барады. Алайда біз оларды мәңгі есте сақтаймыз және болашақ ұрпаққа айтып отырамыз, - деді Ерлан Қошанов өз сөзінде.
Қарағандылықтарды салтанатты жиын барысында Ұлы Отан соғысының ардагері Бүркіт Есжанов Жеңіс күнімен құттықтады. Ардақты қария өзінің естеліктерімен бөлісіп, жастарға батасын берді. Майдангер 23 жасында ерлік жасап қаза болған Нүркен Әбдіровті еске алды. Қарағандылық жас ұшқыш өзінің ұшағын жаудың бензовоздар колоннасына беттеп, өз өмірін құрбан еткен болатын.
9 мамыр күні қарағандылықтар «Мәңгілік алау» мемориалына және Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Мерекелік шаралар Жеңіс саябағында жалғасты. Кешке мұнда Нүркен Әбдіровтің ерлігіне арналған театрландырылған қойылым өтеді. Сахнадан ұшқыштың ата-анасына жазған майдан хатын оқиды. Хореографиялық қойылымда сарбаздардың майданға аттануы туралы көрсетіледі.
Бұл күні сонымен қатар Ерлан Қошанов ардагерлер Асылхан Омарханов пен Мария Шинкевичтің үйлеріне барып, майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтады.
Мереке Жеңіс саябағында мерекелік салютпен аяқталады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 59 935 қарағандылық аттанды, оның 34 352-і қайтып оралды, 25 583-і қаза болып, 9 399-ы із-түзсіз жоғалып кетті.
6 587 қарағандылықтар ерлігі үшін ордендермен және медальдармен марапатталды. 34 қарағандылық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.