
Қарағанды облысында моноқалалардың экономикасын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жаңа өндірістерді ашу және шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпкерлік қызметке 5% – бен жеңілдікті несие беру қала құраушы кәсіпорындарға тәуелділіктен арылуға көмектеседі.
Қарағанды облысының моноқалаларын дамыту бойынша жоспарларды Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында өңір басшысы Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
– Шағын және орта бизнестің 30%-дан астамын моноқалалардың кәсіпкерлері құрайды. Мемлекет басшысының моноқалалардағы ШОБ-ты 5% жеңілдікпен қаржыландыру туралы тапсырмасы қала құраушы кәсіпорындардан тәуелсіз кәсіпкерліктің жаңа салаларын ашуға қосымша серпін береді, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Осылайша, серпінді жобалардың бірі Саран қаласындағы бұрынғы РТИ зауыты орнында индустриялық аймақ құру болды. Мұнда Yutong маркалы автобустар шығаратын кәсіпорын ашылды. Қазір ресейлік "Татнефть" компаниясымен бірге автомобиль шиналарын шығаратын зауыттың құрылысы жүріп жатыр, оны 2022 жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Индустриялық аймақтың дамуы тұрғын үй құрылысына да серпін берді. РТИ ауданында қараусыз қалған үйлерді қалпына келтіру және жаңа тұрғын үй салу жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарлары оң жағынан дәлелденді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырылып, барлық моноқалаларды қамтитын болады. Қарағанды облысында олардың сегізі бар.