Қарағанды облысында 15 көпбалалы отбасы пәтер алды

Қарағанды облысында 15 көпбалалы отбасы пәтер алды

17 мамырда Қарағанды облысында 15 көпбалалы отбасы пәтер кілттерін алды. Жаңа баспанаға Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Приозерск, Саран, Теміртау, Абай, Нұра, Ақтоғай, Бұқар Жырау, Осакаров және Шет аудандарының тұрғындары ие болды.

Қоныс тойын тойлаушылар арасында Жезқазған қаласының тұрғыны 10 бала асырап отырған батыр-ана Жаңыл Бидәулетованың отбасы да бар. Осыған дейін олар жалға алынған пәтерде тұрып келген. Пәтер кезегінде 2005-ші жылдан бері тұрған екен. Енді отбасы жергілікті кәсіпкер-меценаттардың арқасында баспаналы болып отыр.
Ал Саран қаласында пәтер кілті көпбалалы ана Жанар Қанапинаға берілді. Оның жолдасы сылақшы болып жұмыс істейді, олардың төрт баласы бар. Бұрын отбасы пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған. Енді міне, олар өздерінің жеке баспанасы пайда болғанына қатты қуануда.
Қарағанды облысында мамырдың соңына дейін 133 көп балалы отбасына пәтер кілттері табысталады. Биыл 560 көп балалы отбасы өз баспанасымен қамтамасыз етіледі.