Қарағандылық медицина қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттары берілді

Қарағандылық медицина қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттары берілді

Қарағандыда Денсаулық сақтау саласының жас мамандары тұрғын үй сертификатына ие болды. Дәрігерлерге «Jastar – senim men serpin» республикалық форумында әлеуметтік көмек көрсетілді. Акцияны Senim кәсіби одағы Жастар жылы аясында бастап отыр.
Кәсіподақ форумының эстафетасын Қарағанды Қостанайдан қабылдады. Осыған дейін аталмыш іс-шаралар Атырау мен Қызылорда қалаларында да өткен болатын.
Кеншілер қаласына республикамыздың 16 облыстарынан 220 делегат келді. Екі күн ішінде форумға қатысушылар кәсіби мәселелерді талқылады. Жас дәрігерлер үшін шеерлік-сыныптар мен тренингтер, мәдени және ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.
- Senim Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Орталық Комитеті 500 мың теңгеге қайырымдылық сертификаттарын үлестірді. Форум барысында оларды ауылда жұмыс істейтін 21 жас маманға табыс етті. Бұдан басқа, тұрғын үй сертификаттарын беретін әлеуметтік қолдаудың жаңа бағдарламасы жарияланды. Бұл мақсатқа 120 млн теңге бөлінді, - деді кәсіподақ төрағасы Сапарбек Дүйсенов Қарағанды медицина университетінде өткен форумның жабылу салтанатында.
Сертификат құны миллион теңгеден жарты миллион теңгеге дейін. Бұл қаражат жас дәрігерлерге пәтер алу үшін бастапқы жарнаны толық төлеуге мүмкіндік береді.
Тұрғын үй сатып алуға Теміртаудан келген жас тіс дәрігерлері көмек алды. Мөлдір Сәрсенбаева мен Нұрислам Өмірбек металлургтер қаласына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітіргеннен кейін Түркістаннан шақыру бойынша келген. Олар №4 қалалық емханада жұмыс істейді. Ерлі-зайыптының айтуынша, Теміртау оларға өте ұнады, олар бұл жерде ұзақ уақыт қалуды жоспарлап отыр.
Облыстық туберкулезге қарсы диспансерде және облыстық жедел медициналық жәрдем стансасында жұмыс істейтін екі қарағандылық медиктер – Самал Әбілдаева мен Мәдина Шайхинаға да тұрғын үй сертификаттары табыс етілді.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов форумға қатысушыларды құттықтап, жас дәрігерлерге алғыс хаттар табыс етті.
Ол жергілікті атқарушы билік үшін кәсіподақтармен өзара іс-қимыл өте маңызды екенін атап өтті. Әлеуметтік серіктестік пен медиация үдерістерінде қызметкерлердің құқығын қорғаушылардың рөлі артып келеді, деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.