Қарағандыда «Түркі әлемі: Күлтегін жыры – Ұлы дала дастаны» атты ғылыми-шығармашылық байқау жеңімпаздары марапатталды. Аталмыш шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында ұйымдастырылды.
Шара өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде Күлтегін жырларын мәнерлеп оқуымен, ұлттық және басқа да музыкалық аспап түрлерінде сүйемелдеумен жалғасты. 53 шумақтан тұратын Күлтегін жырының әр бөлімін оқыған қатысушылардың дайындығы жоғары екені айқалды. Әсіресе, қазақ тілінде жыр шумақтарын оқыған этностар сүйсіндіріп, қошеметке ие болды. Қазылардың қорытындысы бойынша, Нұрай Ғазиз, Елизавета Седышева,Әлібек Бимендиндер үздік деп танылды. Басқа қатысушылар жүлделі екінші және үшінші орындарды бөлісіп, ақшалай сертификаттарға ие болды.
Жыр шумақтарын мәнерлер оқумен қатар шара барысында ғылыми-шығармашылық конференция өтті. Конференцияның мақсаты - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім үлгісін насихаттау, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру. Шараға ЖОО оқытушылары, докторанттары, магистранттары және студенттері, облыстық Ассамблеяның, ҚХА Ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, ғалымдар, сарапшылар қатысты.
-«Күлтегін» жырының басты идеясы – түркі халқын ауызбірлікке, ежелгі ата-баба жолы мен салт-дәстүрін берік ұстауға үндеу болып табылады, - деді филолог, ақын Айтбай Жұмағұл.
Сатай Мақсұтұлы "Мәңгілік елдің мұрагері" атты баяндамасында ежелгі дәуір әдебиеті, көне түркі жазба ескерткіштерін оқыту арқылы өз мәдениетіміз бен дүниетанымымыздың тамыры тереңде екенін, елдік дәстүріміз бен рухани бітіміміздің бастауы берік екенін тілге тиек етті.
Таста қалған тарихы бар мыңжылдық жәдігер жайлы Стамбулдың Мимар Синан оқу орнының докторанты Жантегін Қаржаубай өз сөзінде "Күлтегін – түркі халықтарының ерлік туралы ұғымының жиынтық бейнесі. Оның тұлғасында түркілерге тән ержүрек, өршіл, қайсар, қайтпас мінез бар. «Сондай батырым болса» деген ел арманы Күлтегін ерліктерін сипаттау арқылы берілген. «Күлтегін» қазақ батырлар жырына жақын үлгілердің бірі",- деді. Ал, филолог, ҚарМУ оқытушысы Жандос Смағұлов қазақ халқының дәстүрлеріне қатысты мысал келтіре отырып, ұлттық рухани мұра хақында тағылымды баяндама жасады.
Күлтегін жазуы —ежелгі түркі жазба ескерткіші. Моңғолиядағы Қарабаласаған қаласының қираған орнынан солтүстікке қарай 40 км жерге, Орхон өзені бойындағы Эрдени Цзу монастырының (8 ғасыр) жанына орнатылған. Ескерткіштің биіктігі 3,15 м., ені 1,34, қалыңдығы 0,41 м. Тас бағана бес бұрышты қалқан тәрізді, қырларында айдаһардың суреттері мен қаған таңбалары бейнеленген. Күлтегін ескерткіші туралы алғашқы мәліметтер 19 ғасырдағы батыс зерттеушілерінің еңбектерінде жариялана бастады. 1893 жылы 25 қарашада Дания ғылым академиясының мәжілісінде Вильгельм Томсен Орхон жазба жәдігерлерін оқудың кілтін тапқандығын әрі оның көне түркі тілінде жазылғандығын, алдымен оқыған сөздері «тәңірі» және «түрік» деген сөздер екенін жариялады.
«Күлтегін» жырының үлкен жазуы көлемі жағынан 428 өлең жолынан тұрады (құлпытастағы руналық жазу бойынша есептегенде 53 қатар). Бұл жыр дербес алты хикаядан, яғни алты оқиғадан құралған. Бірінші хикая – түркі халқының ұлы ата-бабалары туралы; екінші хикая – түркілерді табғаштардың бағындырып алғаны жөнінде; үшінші хикая – Елтеріс қағанды сипаттауға арналған; төртінші хикая – Қапаған қаған туралы; бесінші хикая – Білге қаған жайлы; алтыншы хикая – Күлтегін туралы.