Қарағанды облысында бір жыл ішінде қыз балаларға қарағанда ұлдар көбірек туылды

Қарағанды облысында бір жыл ішінде қыз балаларға қарағанда ұлдар көбірек туылды

Қарағанды облысының статистика департаменті 2018 жылғы өңірдегі туу туралы көрсеткіштерді жариялады.
Өткен жылы АХАТ органдарында 22950 нәресте туылғаны туралы деректер тіркелді. Оның ішінде қалалық перзентханаларда – 18938 сәби (80,3%), ауылдық жерлерде – 4512 нәресте (19,7%) дүниеге келген екен.
Жаңа туғандар арасында қыз балаларға қарағанда ұлдардың саны 9,2%-ға артық. Дүниеге келген нәрестелер арасында ер балалар үлесі 52,2%, қыз балалар – 47,8% құрады. Жаңа туған сәбилер арасындағы жыныстардың ара қатынасы 100 қызға шаққанда 109,2 ұлды құрады.
Өткен жылмен салыстырғанда жаңа туған балалар саны 234-ға немесе 1% - ға артты, оның ішінде қалалық елді мекендерде туылғандар саны 290-ға (1,6%), ауылдық жерлерде 56-ға (1,2%) азайды.
Туудың жалпы коэффициенті 2018 жылы 1000 адамға шаққанда 16,64 нәрестені құрады. 2017 жылмен салыстырғанда туу деңгейі 1,2% өсті. Қалалық жерлерде туылу деңгейі 1000 адамға шаққанда 16,79, ауылдық елді мекендерде – 16,04 сәбиді құрап отыр.
Облысмыздың аймақтары арасында бала туудың ең жоғары деңгейі Сәтбаев (1000 адамға шаққанда 21,90 туылғандар), Жезқазған (20,37), Қаражал (19,84) қалаларында және Жаңаарқа ауданында (19,80) байқалды. Туудың ең төмен деңгейі Саран (12,19), Теміртау (13,94), Қарқаралы (14,83) қалаларында және Абай (14,98) аудандарында тіркелген.
Туылу кезектілігі бойынша нәрестелердің 31,9%-ы бірінші, 32,5%-ы екінші, 21,7%-ы үшінші бала болып табылады. 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда бірінші болып туылған балалардың үлесі 13,6%-ға төмендеді, ал екінші және үшінші балалардың үлес салмағы сәйкесінше 2,2% - ға және 12,4% - ға ұлғайды.
Туудың үлкен үлесі (57,1%) 20-29 жастағы әйелдерге тиесілі. 18 жасқа дейінгі әйелдерде 124 бала (0,5%), 45 және одан жоғары жастағы әйелдерде – 28 бала (0,1%) туылды.
2018 жылы босанған аналардың орташа жасы 28,8 жасты, қалалық мекендерде – 28,9 жасты, ал ауылдық жерлерде – 28,5 жасты құрады.
Тіркелген некеде туған балалардың үлесі жаңа туған нәрестелер санының 85,6% - ын құрады.

stat.gov.kz ақпараты бойынша