
Чех Республикасының елшісі Рудольф Гикл бастаған чех өнеркәсіпшілер делегациясы Қарағанды өңірінде болып қайтты. Аймақтық кәсіпкерлер палатасында В2В форматында кездесу өтті. Чех кәсіпкерлері өз компаниялары туралы ақпарат беретін тұсаукесерлер жасап, екі ел арасында серіктестік орнату мүмкіндіктерін талқылады.
- Біз бүгін қазірдің өзінде Қазақстанмен, оның ішінде Қарағанды облысымен жұмыс істейтін чех компанияларының өкілдерімен бірге келіп отырмыз. Қазақстан біздің стратегиялық серіктесіміз болып табылады. Өткен жылы сіздердің елдеріңізбен тауар айналым көлемі 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткен болатын. 2019 жылдың бірінші тоқсанында тағы 25% өсім болғанын байқап отырмыз, - деді ҚР-ғы Чех Республикасының Төтенше және Уәкілетті Елшісі Рудольф Гикл.
Ол Чех елінен Қазақстанға электртехникасы, өнеркәсіп жабдықтары, көлік техникасы жеткізілетінін атап өтті. Ал Қарағанды облысына келер болсақ, мұнда анағұрлым әлеуетті болып тау-кен байыту және ауылшаруашылық салалары табылады, дейді елші.
Қарағандылық шахталарда қазірдің өзінде Чехияда өндірілген жабдықтар қолданылады. Жергілікті фермерлер бұл елден ірі қара мал партиясын салып алып келген болатын.
Чех компаниялары сауда қарым-қатынастарты дамытуға мүдделі екендерін жеткізді. Өз кезегінде, қарағандылықтар шет елдік бизнесмендерге машина құрастыру, тау-кен – металлургиялық кешен, азық-түлік өнеркәсібінде және басқа да салалардағы тауашалы жобаларды ұсынды.
Қарағанды облысында Чехиядан келген серіктестермен бірлескен 7 компания жұмыс істейді. Олар көтерме және бөлшек сауда, электр қуатымен жабдықтау, қаржылық және сақтандыру қызметі мен басқа да салаларда әрекет етеді.