
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Сұлу жырдың сұнқары» атты көрме ашылды. Аталмыш шара жазушы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған. Сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырылған.
Көрменің ашылу күні «Сәкен тірі қазақтай елі барда» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған тарихшылар мен қуғын-сүргінге ұшыраған ғалым-психолог, жазушы Саукен Балаубаевтың және профессор-математик, қоғам қайраткері Әлихан Ермековтің ұрпақтары қатысты. Сондай-ақ, шараға Қарағанды колледждерінің студенттері шақырылды.
- 30-шы жылдары қазақ зиялыларының барлық көрнекті өкілдері қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың арасында Сәкен Сейфуллин болды. Биыл біз оның 125 жылдығын тойлаймыз. Осыған байланысты біз экспозиция дайындадық және дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оның қатысушылары жастарға қуғын-сүргін кезеңі туралы айтып береді, - дейді мұражай директоры Ержан Нұрмағанбетов.
«Сұлу жырдың сұнқары» көрмесінде Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары қойылған. Келушілер сондай-ақ жазушының атын иеленген Жаңаарқа тарихи-өлкетану мұражайының қорынан алынған фотосуреттерді, мұрағаттық құжаттарды және көлемді жәдігерлерін көре алады.
- Экспонаттардың арасында Сәкен Сейфуллин көзі тірісінде киген шапаны, шай ішкен кеселері бар. Тіпті оның етік жөндейтін құралдары да бар. Ол осы құрылғылармен аяқ киімін жөндеген екен, - деді Ержан Нұрмағанбетов.
Мұражайда атап өткендей, шараның басты мақсаты – қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы Сәкен Сейфуллиннің тарихи рөлі туралы айту. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі "Психология" оқулығының авторы, аудармашы Саукен Балаубаевтың еңбектерімен таныстыру.
«Сұлу жырдың сұнқары» көрмесі 1 маусымға дейін жалғасады.