Қарағандыда 86 көпбалалы отбасыларға пәтер кілттері табыс етілді

Қарағандыда 86 көпбалалы отбасыларға пәтер кілттері табыс етілді

Қарағандыда 86 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлайды. 30 мамыр күні қала әкімі Нұрлан Әубәкіров оларға пәтер кілттерін табыс етті.

Бұл пәтерлер Қарағандының Оңтүстік-Шығысында Байкен Әшімов атындағы жаңа шағын ауданда салынған үйлерде орналасқан. Болашақта мұнда қаланың әкімшілік-іскерлік және мәдени орталығы орналасатын болады. Жаңа шағын ауданда әлеуметтік және спорт нысандарының, гүлзарлардың, концерт залының, балалар мен жасөспірімдер сарайының және тағы басқа да көптеген нысандардың құрылысы жоспарланған.

- Қазір облыс орталығында 1500-ден астам көп балалы отбасы ретінде атаулы әлеуметтік көмек алуда, - деп атап өтті Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров. - 500-ге жуығы жол жүру жеңілдігімен қамтамасыз етілген. Көп балалы ата-аналарға балабақшаларда 50% жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар, олардың балалары спорттық секциялар мен үйірмелерде тегін айналыса алады. Ал жазда "Салют" лагерінде демалуға мүмкіндік жасалған.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көп балалы отбасыларға кешенді қолдау көрсетілуде. Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда 10 көп балалы отбасы пәтер кілтіне ие болды.
Қарағандыда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға 494 отбасы кезекте тұр.