Қарағандыда полицейлер мен ПИК төрағалары жедел әрекет етулері үшін WhatsApp-та арнайы топ құру ұсынылды

Қарағандыда полицейлер мен ПИК төрағалары жедел әрекет етулері үшін WhatsApp-та арнайы топ құру ұсынылды

Қарағандыда полицияның халықпен өзара іс-қимылын нығайту мәселесі талқыланды. Достық үйінде облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин ПИК және ӨБК төрағаларымен, басқармалар мен қоғамдық көмекшілермен кездесті.
Кездесуге сондай-ақ қаланың учаскелік полиция инспекторлары да қатысты. Жиынға қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов, Қарағанды қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қабдығали Оспанов, қала әкімінің орынбасары Сәбит Оспанов қатысты.
Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша атқарылған жұмыстар жайлы Қарағанды қаласының Полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Шахназар Салин есеп берді. Оның айтуынша, қазір қылмыстың алдын алуға үлкен көңіл бөлінуде. Баяндамашы учаскелік инспекторлар мен ПИК төрағалары жедел ақпарат алмасуы үшін WhatsApp мессенджерінде әрекет ету тобын ашуды ұсынды.
Полиция департаментінің басшылығы азаматтарды қылмысқа қарсы күресте жәрдем көрсетуге, полицияға күдікті адамдар мен заңға қайшы келетін әрекеттер туралы хабарлауға шақырды. Сондай-ақ кездесу барысында қалада бейнебақылау камераларының саны артылатыны туралы айтылды.
Кездесуде айтылған құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіздікті жақсарту жөніндегі барлық ұсыныстар назарға алынатынына уәде берілді. Ерлан Файзуллин ПИК өкілдері мен азаматтардан қол астындағылар құқық бұзушылықтың жолын кесу бойынша шаралар қолданбау деректері болса, ол туралы хабарлауды сұрады.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша