Полиция қызметкері Федоров су қоймасында бір адамды құтқарды

Полиция қызметкері Федоров су қоймасында бір адамды құтқарды

Жергілікті полиция қызметі басқармасының іздестіру тобының аға инспекторы Дастан Азанбаев Федоров су қоймасында батып бара жатқан адамды құтқарды.
Дастан Азанбаев інісімен бірге түскі асқа бара жатқан кезде Федоров су қоймасының жанынан өте бере, суға батып бара жатқан адамды байқаған. Полиция қызметкері ойланбастан көлікті тоқтатып, көмекке асыққан.
- Батып бара жатқан адамды бірінші інім байқады. Ол сол кезде телефонына бейне түсіріп келе жатқан болатын. Мен көлігімді тоқтаттым да, бірден суға жүгірдім. Шынымды айтсам, қалай жүгіріп кеткенімді өзім де түсінбей қалдым. Мен шығарып алған жігітте бұлшықет тырысуы болған еді. Інім екеуіміз жедел жәрдем шақырдық, - деп еске алады полиция қызметкері.
Суға батқан ер адам су қоймасында жалғыз болған. Бұл күні ол осында балық аулауға келіп, суға шомылмақ болған екен. Суда оның аяғы тартылып қалған. Зардап шеккен адам суды жұта бастағанын, аяқтары ие бермей, су түбіне кеткенін еске алады. Дәл осы сәтте оған көмек ретінде полиция қызметкері Дастан Азанбаев келген. Кейін келген дәрігерлер ер адамға қажетті медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізді. Қазір оның денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ.