Қарағандыда 91 жастағы құрбылар балалар үйінің мерейтойында кездесті

Қарағандыда 91 жастағы құрбылар балалар үйінің мерейтойында кездесті

Қарағандыда 1 маусымда Дамуы шектелген балалар үйі қос мерекесін атап өтті. Тәрбиеленушілерді Балаларды қорғау күнімен қттықтау үшін қамқорлыққа алған ұйымдар қонаққа келді. Бұл күні сондай-ақ балалар үйі өзінің 85 жылдығын атап өтті.
Бұл балалар үйінің тарихы панасыздар мен кәмелетке толмаған қылмыскерлерге арналған колониядан басталады. Кейіннен ол Компанейск балалар үйіне айналған. Мұнда құжатында «ата-анасы» деген жолда еш жазуы жоқ, тағдыр тәлкегіне ұшырап, жетім қалған «Отанын сатушылардың» балалары орналасқан. Біраз жылдардан соң бұл мекеме Надежда Крупская атындағы балалар үйі деп аталды. Көптеген жылдар бойы ол Сұрыптау станциясында орналасқан. Майқұдыққа көшкен соң қазіргі атауын алған.
Балалар үйінің бұрыңғы түлектері мерекелік кездесу ұйымдастыруды шешкен. Оған жетімдер үйінің бірнеше буын тәрбиеленушілері мен педагогтары жиналды. Қанша жылдар өтсе де, олардың арасындағы тығыз байланыс әлі де сақталып келеді.
Балалар үйіндегі бауырластық сезімінің мықтылығы жайлы 1973 жылы осы мекемеден түлеп ұшқан қарағандылық Алексей Черемисин айтып берді.
- Біз әр бес жыл сайын жиналамыз. Бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз үзілген емес: хат жазып, қоңырау шалып отырамыз. Бұл кездесулерді халықаралық деп те айтуға болады. Себебі түлектер түрлі елдерге көшіп кетсе де, балалар үйін ұмытпай, мүмкіндігінше Қарағандыға мерейтойға келуге тырысады. Биыл, өкінішке орай, қатарымыз сирек болып отыр. Алайда қонақтарымыздың арасында Ресей мен Украинадан келгендері де бар, - дейді ол.
Түлектердің балалық шақтарын еске алып, туған балалар үйіне тағзым ететін өз орны бар. Бес жыл бұрын қираған Компанейск балалар үйінің орнында жетім балаларға арналған халық ескерткіші орнатылған. Мемориалдық тақталарда балалар үйінің тәрбиеленушілерінің, директорларының және тәрбиешілерінің есімдері мен портреттері жазылған. Бүйір тақталарының бірі таза болып қалады – ол түлектердің тағдыр жолымен бүкіл жер шарына шашырағанының белгісі. Ескерткішке «Балалық шағын осы жерде қалдырған барлық адамдарға арналады. Барын балаларға сыйлағандарға арналады. Ешбір алақан ананың алақанындай болмас деген сөздер жазылған.
Алексейдің өзі қазіргі таңда жетімдердің ұстазы. Музыкалық топпен бірге ол балалар үйлерінде қайырымдылық концерттерін қояды. Жетімдерге өмірлік жағдайларда да қол ұшын созуға тырысады.
- Кейде көмектесу үшін ер адамның кеңесі де жеткілікті. Ненің жақсы, ненің жаман екенін айтамыз. Балаларға әрдайым айтарым: сендер балалар үйінде болғанда бақытты шақта өмір сүресіңдер, ал содан кейін қиындықтарды өз күштерімен жеңуді үйрнулерің қажет. Тек өздеріңе ғана сенім артыңдар. Жетім деген сөз – мәңгі қалып қоятын таңба емес. Әркім өз өмірін алға сүйреп, өз тағдырын құра алады. Жағдайы нашарлар қатарына тек бір пайызы ғана ұшырауы мүмкін, - дейді ол.
Мерейтойда 91 жастағы құрбылар да кездесті: қарағандылық Мария Григорьевна Ушакова мен Омбы қаласынан қызымен бірге келген Галина Матвеевна Ильина. 1941 жылы олар Украинадағы жетімдер үйнінің балаларын қоныс аударып алып келген теміржол эшеломен Қарағандыға бірге келген. Екеуі де Компанейск балалар үйіне орналастырылды.

Әйелдердің тағдырлары ұқсас. Екеуі де екі жасында ата-анасынан айырылған және олар туралы ештеңе білмейді. Соғыс кезіндегі балалық шақтың қиындықтарын бастан кешірген. Әлі күнге дейін Қазақстанға келе жатқандағы бомба жарылыстарын, осында келгенде оларды орналастырған жертөле мен азғантай тамақ естерінен шығар емес. Ер жеткенде екеуі де осы балалар үйінде тәрбиеші болып қызмет еткен.
Сұрапыл соғыс жылдары өскен аға буын өкілдері тағдырға шағымданбайды. Галина Матвеевна 44 жыл өмірін балаларды тәрбиелеуге жұмсаған. 20 жыл бұрын қызымен Омбы қаласына көшіп кеткен. Алайда Қарағанды қаласына балалар үйінің әрбір мерейтойына келеді.
Мария Григорьевна «ҚазССР ағарту ісінің үздігі» белгісіне ие болған. Екі қызы оның ұстаздық жолын қуған. Бүгінде әжейдің жан жағы үлкен отбасылық жылуға оранған. Галина апайдың 6 немересі және 8 шөбересі бар.
70-ші жылдары балалар үйінде жұмыс істеген ардагер ұстаз Бақытжамал Қалғожинова да бұл күні естеліктерімен бөлісті. Жетім балаларға шахтерлер қалай көмектескенін айтып берді. Оның тобында 30 тәрбиеленуші болған. олардың әрқайсысының өмірлік тарихын Бақытжамал апай жақсы білген. Алайжа жас тәрбиеші көзі мұңға толы әдемі қыз - Катя Троновамен жақын достасып кеткен.
- Оның тағдыры өте ауыр болды. Ата-анасы мен ағасы түрмеде отырды. Ол туғандарын қатты сағынатын. Мен оны әрдайым жұбататынмын. Мұның барлығы уақытша, қазіәр мемлекет саған қамқорлық жасауда, сенің киетін киімің, ішетін тамағың бар, және де сен топтың старостасы болғандықтан, барлығына үлгі көрсетуің керек, деп айтатынмын. Кейді тіпті оны үйіме қонаққа да шақыратынмын. Қызым туғанда, маған келіп, көмектесіп отыратын, - дейді бұрынғы тәрбиеші.
Содан кейін екеуінің өмір жолдары екі жаққа тарап кетті. Алайда педагог әлі күнге дейін өзінің ең жақын тәрбиеленушісінің тағдыры туралы білуге үмітін жоғалтпайды.