Қарағандыда оқушы Юнеско клубы №2 өнер мектебі оқушыларының көрмесі ашылды. Бұл жерде Үндістан астанасы – Нью-Дели халықаралық көрмесінде болған экспонаттар ерекше орын алады.
Жас суретшілердің жұмысын Қарағанды бейнелеу өнері мұражайында көруге болады.
- Бұл әр қатысушының шағын жеке көрмесі деп айтуға болады. Олар үшін осындай шаралар әрқашан қызықты болады. Біз балалар жұмыстарының қорын құруды жоспарлап отырмыз. Болашақта оған бүгінгі күні ұсынылған экспонаттардың кейбірін кіргіземіз деп ойлаймын, - деді мұражай басшысы Бибігүл Құдабаева көрменің ашылу салтанатында.
Биыл №2 өнер мектебі оқушыларының кейбір жұмыстары Үндістанда қойылды. Бұл Юнеско клубы президентінің шақыруының арқасында мүмкін болды. Біздің жас суретшілерімізді Қазақстан елшілігі де қолдады.
- Біз ол көрмеге 50-ге жуық жұмыс алып бардық, оның 25-і біздің оқушыларымыздың туындылары. Сондай-ақ Юнеско клубына кіретін балабақшалар тәрбиеленушілерінің суреттері де болды. Көрме қызықты өтті. Ал бүгінгі көрме біз үшін есеп беру көрмесі болып табылады. Мұнда кіші және орта топтағы балалардың жұмыстары да, біздің оқушылардың дипломдық жұмыстары да қойылған, - дейді көрменің кураторы, Юнеско клубының №2 өнер мектебінің оқытушысы Юрий Ку.
Экспозицияға кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер сияқты жанрларда орындалған 100-ден астам экспонат кірді. Жоғары сынып оқушыларының жұмыстарындағы академиялық реализм және кіші буын балаларының шығармашылық қиялдары көрмеде үйлесімділік тапты. Ал сәндік бұйымдар мен мүсіндердің жарқын түстері экспозицияны жандандыра түсті.
- Мен осы мектепке бір жыл бұрын ғана келдім, бірақ көп нәрсені үйрендім. Бүгін мұнда менің екі суретім қойылған. Олардың бірі - "Шахтер" менің атамға арналған. Менің суреттерім алғаш рет қойылуда, мен оған өте қуаныштымын, - деді жас суретші, 8 жасар Егор Дамм.
Юнеско клубының №2 өнер мектебі оқушыларының көрмесі 9 маусымға дейін жалғасады.