Қарағандылық өнім өндірушілер «Даму» қорының несиелері бойынша субсидиялар ала бастады. Бүгін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Халық Банк» және «Альфарух Logistic» кәсіпорындарының өкілдері тиісті келісімге қол қойды.
«Альфарух Logistic» компаниясы - Қарағанды облысында басым жобаларды несиелендіретін «қарапайым заттар экономикасы» жаңа мемлекеттік бағдарламасының алғашқы қатысушысы.
Бұл бағдарлама Елбасының тапсырмасы бойынша құрылған және импортты алмастыруға бағытталған. Оны іске асыруға республикалық бюджеттен 600 млрд.теңге бөлінді. Оның ішінде 200 млрд.теңгесі агроөнеркәсіптік кешендегі өндірісті және қайта өңдеуді несиелендіруге, 400 млрд. теңгесі өңдеуші өнеркәсіпке және кейбір қызмет түрлеріне бағытталады.
Бағдарламаның шарттары бойынша Даму қоры несиелік мөлшерлеменің 5,5%-ын субсидиялайды. Қалған 8% Халық банкінің несиесін пайдаланғаны үшін кәсіпкердің өзі төлейді.
- Менің ойымша, бұл жоба облыс экономикасына да, жалпы Қазақстанның экономикасына да оң әсер етеді. Біз сапасы бойынша импорттық тауарлардан кем түспейтін, алайда бағасы анағұрлым төменірек отандық өндіріс тауарларын ала аламыз, - дейді Қарағанды облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ АФ директоры Тимур Екеев.
Бүгінгі таңда «Альфарух Logistic» ЖШС жобасы – «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша республикадағы ең ірі жоба. Субсидиялаудың арқасында компания Қарағандыда ірі сауда-логистикалық орталық салуда. Бұл азық-түлік тауарларын сақтауға және тасымалдау шығындарын қысқарту есебінен олардың құнын төмендетуге мүмкіндік береді.