
Қазан айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді. Түзетулер ең алдымен мүгедек балаларға берілетін жәрдемақыны арттыруға қатысты. Енді кәмелетке толмағандарға мүгедектік тобы бұрынғыдай 16 жастан емес, 7 жастан бастап тағайындалады. Сондай-ақ, І топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға күтім жасау бойынша жаңа жәрдемақы енгізілді.
Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша Әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Татьяна Син Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен онлайн-баспасөз мәслихатында айтты.
– 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артты. Мәселен, мүгедектіктің I тобы үшін жәрдемақы мөлшері 65 860 теңгені, II топ үшін – 54 541 теңгені, III топ үшін – 48 023 теңгені құрайды, – деп хабарлады Татьяна Син. – Бұл шара облыста тұратын 3 мыңнан астам мүгедек баланы қамтиды.
Сондай-ақ, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша бір мезгілде жәрдемақы алу құқығы заңнамалық түрде бекітілді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, Қазақстанда мүгедектік себебіне байланысты мүмкіндігі шектеулі адамдар мен топтарға күтім жасау бойынша жаңа жәрдемақы енгізілді. Оның мөлшері 48 023 теңгені құрады.
– 4 қарашадан бастап облыс ХҚКО жәрдемақы тағайындау үшін құжаттарды қабылдай бастады. І топтағы мүгедектер күтімді жүзеге асыратын адамға жәрдемақы тағайындау үшін, сондай-ақ электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы немесе І топтағы мүгедектікті алғаш рет белгіленген кезде тұрғылықты жері бойынша МӘС бөлімшесіне жүгіне алады, – деп толықтырды Татьяна Син.
I топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне өтінішпен жүгініп, оған келесі құжаттарды қоса беру керек:
- жеке басты куәландыратын құжат(жеке куәлік, қандас куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат);
- I топтағы мүгедекке қамқорлық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат (осындай факт болған жағдайда);
- күтім жүзеге асырылатын адамның мүгедектігі туралы анықтама;
- уәкілетті ұйымдағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді растайтын құжат;
- психикалық денсаулық орталығында есепте тұру фактісінің жоқтығы туралы анықтама.
Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы күтіп-бағу уақыты есептеледі.