Ақадыр кентіндегі 11 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады. Енді олар үлкен, абаттандырылған, жиһазбен жабдықталған өз үйлерінде тұратын болады.
Енді бұл отбасыларда жаңа өмір басталады. Әр үйдің жанында жер учаскесі мен шаруашылық құрылыстары бар. Бақша егіп, үй шаруашылығын жүргізуге болады.
Фарида Комекованың отбасында жеті бала бар. Бұл күнді ол ұзақ жылдар күтті. Бұрын отбасы екі жалдамалы бөлмеде тұрып келген болатын. Енді жанұя 12 сотық жер учаскесі бар үлкен төрт бөлмелі үйде қоныс тойын тойлайды.
- Біз күйеуіміз екеуміз де жұмыс істейміз, бірақ біз үшін баспаналы болу шешілмеген қиын мәселе болған еді. Бүгін біз үшін ең бақытты күн! – дейді көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері Фарида Көмекова.
Ләззат Ахмағанбетова тұрғын үй алу кезегінде 13 жыл тұрған. Оның бес баласы бар. Енді олар да өзінің 4-бөлмелі үйіне қоныстанады.
- Мен соңғы күнге дейін баспаналы болатынымзға сене алмадым! – деп өзінің әсерімен бөлісті көп балалы ана.
Жаңа қоныстанушыларға кілттерді табыс ету нағыз мерекеге айналды. Салтанатты рәсімге Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен «Астана Моторс» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов келді. Осы компанияның арқасында ауыл тұрғындары баспаналы болып отыр. Бұл үйлерді «Астана Моторс» өз есебінен жөндеп, абаттандырып, оларды көп балалы және көмекке мұқтаж отбасыларға сыйға тартты.
Ерлан Қошанов Елбасының тапсырмасы бойынша өңірде көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Бұл жанұялардың әрқайсысы үшін ең өзекті мәселе – өз баспанасының болмауы. Бұл мәселені шешуге кәсіпкерлер көмектесуде. Биыл кезекте тұрғандар қатарынан 700 отбасы пәтер кілттерін алады. Олардың үштен бірі бизнесмендердің көмегімен жаңа баспанаға қоныстанады.
- Тәуелсіздігіміз қалыптаса бастағаннан бері мемлекет кәсіпкерлерді қолдап келеді. Бүгін бизнес аяқтарына нық тұрып, мемлекетке әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесетін кез келді. Балаларымыз бен немерелеріміз осындай ұлы адамдарды үлгіге ала отырып, өсіп-өнуі тиіс. Дәл осындай шаралар «Туған жер» идеясын - өзінің туған жеріне, отанына көмек көрсету керектігін нақты мысал ретінде көрсетеді, - деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Ол «Астана Моторс» компаниясына көп балалы отбасыларға көмек көрсеткені үшін рахмет айтты. Сондай-ақ, жергілікті мектептің талантты түлектері еліміздің үздік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болып отырғанына да алғысын білдірді. Оған Нұрлан Смағұлов құрған Білім Қоры көмектеседі.
- Ақадыр - менің кіші Отаным. Бұл жерде менің әкем өсіп, балалық шағын өткізген. Бұл жер менің ата-бабаларым үшін ыстық болған мекен. Табысқа жеткен кез келген адам өзінің Отаны алдындағы қарызын қайтаруы тиіс. Мен бүгін өз туыстарыма көмектесіп жатқаныма қуаныштымын. Біздің компания қайырымдылықпен белсенді түрде айналысады, адамдарға көмектеседі. Бұл біздің тұжырымдамамыз, біздің өмір салтымыз және біздің философиямыз, - деді Нұрлан Смағұлов.
Ол компания бұдан әрі Ақадыр тұрғындарына көмектесетініне уәде берді. 2011 жылы «Астана Моторс»" балалар-жасөспірімдер спорт мектебін салды. Онда балалар бассейні мен күрес залы бар. Спорттық нысанда дзюдо, самбо, қазақша күрес, футбол чемпионаттары өтеді. Мектеп тәрбиеленушілері әрдайым халықаралық жарыстарға шығып, жүлделі орындарға ие болады.
Биыл Ақадыр кентінде 70 пәтерлі тұрғын үй қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Қоныстанушылар арасында көп балалы отбасылар болды. Олардың барлығы тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар тізімінде болған. Шет ауданында барлығы 41 көпбалалы отбасы тұрады.
Биыл кентте 32 пәтерлі үй салынады. Келесі жылы тағы екі көпқабатты үй пайдалануға беріледі.