Жеңіс Қасымбек Франция елшісімен кездесті

Жеңіс Қасымбек Франция елшісімен кездесті

Қарағанды облысына Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дидье Канесс келді. Дипломатиялық ведомство басшысы Қарағандыда Француз альянсының ресми ашылуына қатысады, сондай-ақ білім беру мекемелерінде болуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ҮЕҰ-мен кездесулер қарастырылған.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесуде екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

– Франция – еліміздің Еуропалық одақтағы стратегиялық серіктестерінің бірі. Қарағанды облысында көптеген шетелдік компаниялар жұмыс істейді. Аймақ өнімдерін әлемнің 50-ден астам еліне, соның ішінде Францияға экспорттайды. Әрине, сіздің еліңізбен тауар айналымы минималды – шамамен 30 миллион АҚШ доллары. Менің ойымша, бұл көлем көрсеткіш емес, біздің екіжақты ынтымақтастық үшін үлкен әлеуетіміз бар, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

2021 жылдың 9 айында Францияға экспорт 18 млн долларды, импорт 10 млн долларды құрады. Облыс бұл елге тазартылған мыс жеткізеді, сонымен қатар жабдықтар, дәрі-дәрмектер, ыдыс-аяқ, шарап және т. б. әкеледі.

Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтты.

– Сапардың басты мақсаты – Қарағандыда Француз альянсының ашылуы. Бұған дейін ұйым филиал ретінде жұмыс істеді, енді олар мәртебесін көтеруге шешім қабылдады. Француз альянсы – бұл әлемдегі мәдени орталықтардың үлкен желісі – олардың саны 800-ден асады, – деді Дидье Канесс мырза. – Екінші бағыт – жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық. Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, Қарағанды медицина университетінің басшылығымен қарым-қатынасты дамытуды талқылайтын боламыз.

Елші сондай-ақ Қарағанды мектептерінде француз тілін тереңдетіп оқыту жобасын ұсынды. Оның айтуынша, база ретінде Қарағанды қаласының № 97 гимназиясын алуға болады.

– Біз мәдени және білім беру ынтымақтастығына қызығушылық танытамыз. Жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп сендірді Жеңіс Қасымбек.