
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына қатысты. Өңір басшысы Қарағанды қаласы Ғ.Мұстафин атындағы №83 ЖББОМ орналасқан №53 сайлау учаскесінде дауыс берді. Облыс әкімі сайлауға жұбайымен және қызымен бірге келді.
Бұл сайлау учаскесі таңертеңнен бастап белсенділігімен және мерекелік көңіл-күймен ерекшеленуде. Аумақтық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, тіркелген 2855 сайлаушының 20%-ы таңғы сағат 10-ға дейін дауыс берген. Сайлаушылардың ішінде жастар қатары қалың болған. Олар үшін бұл алғашқы сайлау. Көптеген адамдар дауыс беруге отбасымен, кішкентай балаларымен келіп жатты.
- Біз үшін сайлау - отбасылық мереке. Қызым Нұр-Сұлтанда тұрады, бірақ бізбен бірге дауыс беру үшін елордадан есептен шығару талонын алды. Мен тұрақты және гүлденген Қазақстан үшін және ең бастысы – балалардың болашағы үшін таңдау жасадым. Менің 7 айлық кішкентай немерем бар. Ол бақытты елде өмір сүруі үшін оның болашағы үшін де дауыс бердім деп ойлаймын, - деді Ерлан Қошанов.
Өңір басшысы жерлестерін атақты боксшы Геннадий Головкин канадалық Стив Роллсты жеңуімен де құттықтады.
- Көптеген қазақстандықтар сияқты мен айқасты тікелей эфирде көрдім. Twitter-де құттықтау жазып, Геннадийдің анасы Елизавета Сергеевнаны құттықтадым, - деп қосты Ерлан Қошанов.
Қарағанды облысында 787 сайлау учаскесі жұмыс істейді. ҚР Президентін сайлау барысын өңірде 40-тан астам халықаралық бақылаушы қадағалауда. ОСК мәліметі бойынша, таңғы сағат 10-да облыста сайлаушылардың келуі 10,1% - ды құрады.