Олег Сосковец Қарағандыда әріптестерімен және серіктестерімен кездесті

Олег Сосковец Қарағандыда әріптестерімен және серіктестерімен кездесті

Қарағанды облысының әкімдігінде Қарағанды металлургия комбинатының бұрынғы бас директоры Олег Сосковец достарымен және әріптестерімен кездесті. Оның 70 жылдық мерейтойына орай салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Мерейтой иесін облыс әкімі Ерлан Қошанов құттықтады. Ол Олег Сосковецті туған Қарағанды жерінде қарсы алды. Мерейтой иесіне өңір басшысы мықты денсаулық, амандық және сарқылмас қуат тіледі.
- Сіз қазір Мәскеуде тұрып жатсаңыз да, Қазақстанды, әсіресе Қарағанды мен Теміртау қалаларын ұмытпай жүрсіз. Бұл жерде сізді есте сақтап, бірінші кезекте, Елбасының серіктесі мен пікірлесі ретінде біледі. Сіз қарапайым жұмыскерден Қарметкомбинаттың директоры лауазымына дейінгі еңбек жолын жүріп өттіңіз. Екі елдің министрі болдыңыз, үкіметте қызмет еттіңіз. Көптеген адамдарға осындай жолды өту үшін бір өмір аздық етеді. Ал сіздің қолыңыздан осының барлығы келді. Сондай-ақ біз сізге туған жеріңізді ұмытпағаныңыз үшін алғысымызды айтамыз, - деді Ерлан Қошанов.
Кездесуге қатысушылардың арасында құрметті Металлургтер, Елбасы серіктері Қуаныш Омашев пен Тоқтархан Ысқақов, Қарағандының құрметті азаматы Николай Дрижд және "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір шикізаты бойынша бас халықаралық сарапшы Григорий Презент, металлургия комбинатының ардагерлері Виктор Адякин, Вадим Бильдин және басқалар болды. Олег Сосковецтің достары мен әріптестері оның Қарағанды аймағындағы жұмыс істеген жылдарын еске алып, кәсіпорын үшін көп еңбек жасағаны туралы әңгімеледі. Оның басшы ретіндегі жақсы қасиеттері мен басқару әдістері туралы да айтып өтті. Көмір саласының ардагері Николай Дрижд Қарағандыда көмір және металлургия саласының үздік өкілдері еңбек жолын бастағанын тілге тиек етті.
Өз кезегінде Олег Сосковец барлық жиналғандарға алғысын білдірді. Ол осында жиналғандардың көбісімен ондаған жылдар бойы таныс екенін атап өтті.
- Мен дәл осы жерде, Қарағанды мен Теміртау қалаларында өмірімнің ең үздік жылдарының өткеніне қуаныштымын, - деп атап өтті Олег Сосковец. - Бұл жерде мен мамандығымды игеріп, мансап сатысымен жоғары көтерілдім. Алайда осының барлығы жанымда сіздердей адамдар болмаса мүмкін болмас еді. Біз барлығымыз әлі күнге дейін өте жылы қарым-қатынасты сақтап келеміз және бұл өте маңызды. Қарағанды облысы - мен үшін туған жер. Мұнда мен өзімді шынымен үйде болғандай сезінемін.

Олег Сосковец-Қарағанды металлургия комбинатының бұрынғы бас директоры. Ол 1988 жылдан 1991 жылға дейін Теміртау қаласындағы кәсіпорынды басқарды.
1991 жылы КСРО металлургия министрі болды. 1992 жылғы наурыздан бастап - Қазақстан Республикасы өнеркәсіп министрі.
1992 жылдың қазан айында Ресей Федерациясы металлургия комитетінің төрағасы болды.
1993 жылғы 30 сәуірден бастап Ресей Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары.
1993 жылғы желтоқсаннан 1996 жылғы маусымға дейін - Ресей Федерациясының Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары
2009 жылы РФ қаржы-өнеркәсіп топтарының қауымдастығын басқарды. 2011 жылдан бастап-Ресей инженерлік академиясының вице-президенті және Ресей тауар өндірушілер одағының президенті.