
Мемлекет басшысының Жарлығымен Асхат Қанатұлы Аймағамбетов Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болып тағайындалды.
Асхат Аймағамбетов осы жылдың қаңтар айынан бастап облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ол әлеуметтік сала мен ішкі саясат мәселелеріне жетекшілік етті.
Асхат Аймағамбетов 1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. «тарихшы, тарих мұғалімі», «құқықтану» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын 2002 жылы академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-де бастады. «Аңсар» жастар лигасын басқарды. Екі рет Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды.
2012 жылдан бастап мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Нұра ауданы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы болды. 2017 жылдың тамыз айынан бастап 2019 жылдың қаңтар айына дейін білім және ғылым вице-министрі болып жұмыс істеді.
Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова болды.