Шет ауданы мен Саран қаласы асық ату және бес асықтан Қарағанды облысының кубогында жеңіске жетті

Шет ауданы мен Саран қаласы асық ату және бес асықтан Қарағанды облысының кубогында жеңіске жетті

Тұңғыш Президент күніне және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ересектер арасында асық ату мен бес асықтан Қарағанды облысының кубогы жеңіл атлетикалық манежде өтті. Жарысқа облыстың қалалары мен аудандарынан 22 команда (әйелдер және ерлер командалары тең дәрежеде) қатысты.

– Біз 2014 жылдан бері осындай жарыстарды түрлі жас санаттарында өткізіп келеміз. Ұлттық ойын спорт түрлерінің тізіміне енгізілген, сондықтан оған деген қызығушылық артып, жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Біз жарыстарды жиі өткізе бастадық. Желтоқсан айында ардагерлер арасында турнир өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді жарыстың бас төрешісі, асық ату және бес асық бойынша Қарағанды облысының штаттан тыс аға жаттықтырушысы, ҚР Ұлттық санатындағы төреші Амангелді Нұрмұханов. - Жақында Павлодарда Қазақстан Кубогы өтті, біздің команда ерлер арасында бірінші орынға ие болды.

Бүгінгі таңда асық ату мен бес асық Абай, Бұқар Жырау, Ақтоғай, Шет аудандарында және Теміртау, Шахтинск, Саран және Балқаш қалаларында жақсы дамыған.

– Мен бұл спорт түрімен үш жыл айналысамын. Біздің мектепте бес асықтан үйірме ашылғаннан бері. Бұл мен үшін алғашқы жарыс емес, жүлделі орындарға ие болдым, – дейді Теміртау қаласының тұрғыны Балнұр Үсенова.

Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің дене шынықтыру мұғалімі және жарысқа қатысушы Ардан Баймолдиннің айтуынша, асық атуда ең бастысы – дәлдік, төзімділік және жақсы реакция.

– 4 жылдан бері асық атумен айналысып келемін. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде қазір жастардың ойынға деген қызығушылығы бар деп айта аламын және ол жыл сайын өсіп келеді. Біздің колледжде 20 студент айналысады, – деді Ардан Баймолдин.

Қарағандыдағы турнир келесі жылы республикалық жарыстарда облыс намысын қорғайтын ең мықты ойыншыларды анықтады.

Асық атуда бірінші орынды Шет ауданының командасы иеленді. Екінші орынды Жаңаарқа және үшінші орынды Бұқар жырау ауданы алды.

Бес асықта Саран қаласының командасы бірінші болды. Екінші орынды Шет ауданы, үшінші орынға Нұра ауданы жайғасты.

Асық атуды ерлер, ал бес асықты – әйелдер ойнайды.