
Шахтинск қаласында жас дәрігерлер өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында жаңа қоныс тойын тойлады. Қарағанды облысы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қошанов 32 қызметтік пәтердің кілтін табыс етті. Баспана Қарағанды медицина университетінің 2018-2019 жылғы түлектеріне берілді. Сондай-ақ жас мамандарды шахтинск қаласының ауруханалары мен емханаларына жұмысқа шақырды.
- Шахтинск қаласындағы басты мәселелердің бірі медициналық кадрлардың тапшылығы болып табылады. Мұнда 40-қа жуық маман жетіспейді. Енді мұнда жас дәрігерлер командасы келді. Сіздерде жаңа жұмыс қана емес, жаңа баспана да ұсынылады. Сіздерді өмірлеріңіздегі жаңа кезеңге қадам басуларыңызбен құттықтаймын. Шахтинск сіздер үшін жаңа үй болады деп ойлаймын, ал қаланың тұрғындары сіздердің жұмыстарыңызға риза боларына үміттенеміз, - деді Ерлан Қошанов.
Өткен жылы Шахтинскідегі қараусыз қалған көпқабатты үйдің екі кіреберісі Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының меншігіне берілген болатын. Сол кезден бастап онда күрделі жөндеу басталды. Терезелер, есіктер, едендер, кәріз және жылу жүйелері мен электр сымдары толығымен ауыстырылды. Пәтерлер жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталды. Әр үйде теледидар, микротолқынды пеш, тоңазытқыштар және кір жуғыш машиналар бар.
Үш бөлмелі пәтердің бірін Ахановтар отбасы алды. Әсел Аханова - жалпы тәжірибе дәрігері. Биыл ол Қарағанды медицина университетін бітірді. Оның жұбайы шахтада жұмыс істейді. Бұрын оған күн сайын Қарағандыдан жұмысқа баруға тура келетін. Енді жас отбасының барлық мәселелрі шешілді.
- Шахтинск қаласына көшуді, мұнда жұмыс істеуді және ведомстволық пәтерде тұруды ұсынғанда-біз ойланбастан келістік. Пәтер өте жақсы. Онда қажетті барлық нәрсе бар. Біз тек осында өз заттарымызды алып келіп, тұра беруге болады. Оның үстіне, жуырда сәбиіміз дүниеге келді. Жалдамалы пәтерде немесе туыстарымыздың үйінде тұруға мәжбүр болмайтынымызға өте қуаныштымыз, - дейді Әсел.
Жөндеуден өткен кіреберістерде - 10 бір бөлмелі, 18 екі бөлмелі және 4 үш бөлмелі пәтер бар.
Үш бөлмелі пәтерлер балалары бар отбасылық жұптарға берілді. Балалар жоқ отбасылар немесе алдағы уақытта шаңырақ көтергелі отырған жас мамандарға екі бөлмелі пәтерлердің кілттері табыс етілді. Ал жалғызбасты жас дәрігерлерге бәр бөлмелі пәтерлер үлестірілді.
Шахтинск қаласында екі Денсаулық сақтау ұйымы жұмыс істейді. Бұл перзентхана мен көпсалалы емхана орналасқан Орталық аурухана. Онда 113 дәрігер және 362 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.