
Қарағанды қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Әлішер Кабардияди жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша ХІV Президенттік олимпиаданың жеңімпазы атанды. Екінші орынды №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Өмір Байбосынов иеленді.

Қазақстанда 15 қарашада жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша XIV Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі басталды. Қорытынды тур Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің базасында өтті. Зияткерлік сайыста еліміздің барлық өңірлерінен 11–12 сыныптардың 182 оқушысы бақ сынасты. Олар математика, физика, химия және биология сияқты төрт пән бойынша тапсырмаларды орындады. Медальдардан басқа, жеңімпаздар отандық жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болды.
Әлішер Кабардияди олимпиаданың іріктеу турында да, қорытынды кезеңінде де жоғары академиялық білім көрсетті. Оқушы І дәрежелі дипломға және алтын медальға ие болды.

– Маған олимпиаданың достық атмосферасы ұнады, бірақ сонымен бірге бәсекелестік рух болды. Нәтижеге көңілім толды, бірақ әлі де болса тырысу керек, – деп бөлісті Әлішер. – Маған Satbayev University мен С. Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университеті гранттарын ұсынды.
Жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша Президенттік олимпиада 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Зияткерлік байқау еліміздің дарынды оқушыларын анықтауға және олардың әлеуетін іске асыруда қолдау көрсетуге көмектеседі.