Отандық және ресейлік Турфирмалар Балқаш жағалауында жағажай демалысы қалай ұйымдастырылғанымен жақынырақ таныса алды. Ақпараттық тур «Балқаш Туризм 2019» аймақтық туристік форумы аясында өтті. Болашақта клиенттеріне демалыс аймағын таңдауды ұсыну үшін турфирмалардың өкілдері ондағы бағалар мен сапа деңгейін өз көздерімен көруге ниет білдірген.
Ақпараттық тур өз нәтижесін берді. Шара қорытындысы бойынша іскерлік қатынастар орнатылды. Кейбір қонақтар ішкі туризмді бірлесіп дамыту ниетімен өзара байланыс онатуды шешті. Ал елордалық турфирмалардың бірі Балқаш демалыс аймағымен ынтымақтастық туралы шарт жасасты.
- Біз «Барковское» демалыс аймағымен келісімге қол қойдық. Нұр-Сұлтан-Балқаш бағытында ішкі туризмді дамытатын боламыз. Осы жерде орналасатындай етіп Қарағанды облысына турлар ұйымдастырамыз және оны елорда мен Ақмола облысының тұрғындарына ұсынамыз. Біздің клиенттерімізге демалыстарын ұйымдастыруға көмектесеміз және Балқаш курорттық аймағына туристік ағынды ұлғайтуға өз үлесімізді қосамыз деп үміттенемін, - деп хабарлады «MED&TOURISM KZ» ЖШС өкілі Данияр Қаусылов.
Демалыс аймағының иесі Марат Мүрсәлімовтың айтуынша, кездесу турбизнеске ғана емес, мемлекетке де пайдасын берді. Ынтымақтастық тараптардың тұрақтылығын нығайтады, яғни ішкі туризмді дамытуға, туристік нысандарды кеңейтуге және соның арқасында жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді, деп атап өтті ол.
Форумға үлкен делегациямен түмендіктер де келген болатын. Ресейлік қонақтар ұйымдастырушыларға Сарыарканың сұлулығын өз көзімен көруге және қазақстандық қонақжайлылықты сезінуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыстарын білдірді. Түмендік туроператорлар «Павлин тур» компаниясымен жұмыс істеуде. Ал бұл сапар ресейлік туристерді тартудағы ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге мүмкіндік берді.