
Қарағанды облысы бойынша «көгілдір отынды» Қарағанды қаласындағы Михайловка ауданы, Теміртау қаласындағы Соцгород ауданы, Жезқазған қаласының маңындағы Пристанционный және Талап кенттерінде тұратын 2472 абонент пайдалана алады.
Газбен жабдықтау желілеріне қосылу мынадай кезеңдерден тұрады:
1. Газбен жабдықтау желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды (бұдан әрі – ТШ) алуға байланысты газ тарату ұйымына (бұдан әрі – ГТҰ) абоненттің өтініш беруі.
2. Абоненттің ГТҰ өтінішімен бірге тапсырылған құжаттардың толықтығын қарау.
3. Абонентке ТШ беру.
4. Газдандыру жобасын әзірлеу.
5. ТШ сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу.
6. Абоненттің құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталғаны және газбен жабдықтау желілеріне қосылуға дайындығы туралы Қарағанды өндірістік филиалын хабардар етуі.
7. Абонентті газбен жабдықтау желілеріне қосу.
Бірінші кезең
Тұтынушы ТШ-қа өтініш берер алдында жер учаскесінің топографиялық түсіріліміне тапсырыс беруі қажет. Бұл қызметті газдандырумен айналысатын фирмалар, сондай-ақ жобалау ұйымдары орындайды. Осыдан кейін тұтынушыға немесе оның сенімді тұлғасына "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қарағанды өндірістік филиалына: Қарағанды қаласы бойынша: Ермеков к-сі, 104/1, Теміртау қаласы бойынша: Менделеев к-сі, 11, Жезқазған қаласы бойынша: Сәтпаев к-сі, 10/1 мекенжайы бойынша "табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларының" 4-қосымшасына сәйкес 4-үлгі бойынша газбен жабдықтау желілеріне қосуға ТШ беру туралы өтінішпен жүгіну қажет.
Екінші кезең
Техникалық шарттарды алу үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:
1) жеке тұлғалар үшін - объект иесінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, заңды тұлғалар үшін - жеке кәсіпкер куәлігінің көшірмесі немесе жеке кәсіпкер ретінде қызметін бастағаны туралы хабарламаның көшірмесі, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
2) жылжымайтын мүлік объектісіне тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы мәліметтер немесе объект орналасқан жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі не объектіні газдандыруға жылжымайтын мүлік иесінің нотариалды куәландырылған келісімі (құрылысы аяқталған объектінің реттеліп көрсетілетін қызметіне қосылған жағдайда);
3) жер учаскесіне тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы мәліметтер не жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар;
4) газдандырылатын объектіге (тұрғын үйге) техникалық паспорттың көшірмесі немесе қолданыстағы (үйішілік) желілерді реконструкциялауға арналған газдандырудың эскиздік жобасының көшірмесі. "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" ҚРЗ 18-бабының 3-тармағы негізінде жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеру жүзеге асырылмайды және техникалық паспорт рәсімделмейді. Егер жылжымайтын мүлік жаңадан құрылған болса, өтініш беруші тиісті жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінде есепке алу туралы белгісі бар объектіні пайдалануға қабылдау актісін ұсынады;
5) тиісті пайдаланушы ұйымдармен келісілген 1:500 масштабтағы құрылыс учаскесінің топографиялық түсірімі (барлық жер үсті және жер асты коммуникацияларымен және құрылыстарымен);
6) техникалық сипаттамалары көрсетілген газ тұтыну жабдығына арналған техникалық паспорттың көшірмесі;
7) объектінің орналасу сұлбасы;
8) заңды тұлғалар үшін - тамақ дайындауға, жылытуға, желдетуге, ауа баптауға, көп қабатты үйлерді газдандыру кезінде ыстық сумен жабдықтау үшін шикі газды тұтынуға арналған гидравликалық есептер.
Егер құжаттарды иесінің атынан газбен жабдықтау компаниясының өкілі тапсырса, онда құжаттар тізіміне иесінің сенімхаты қосылады, сонымен қатар барлық көшірмелер нотариалды куәландырылуы керек.
Есте ұстайтын маңызды нәрсе, заңдастырылмаған бөлмелерде газ пайдалану жабдықтарын (газ қазандығы, пеш, су жылытқышы) орнатуға Заңмен тыйым салынады. Яғни, егер сіздің жалғастыра салынған бөлме немесе үйіңіз заңдастырылмаған болса, онда сіз табиғи газға қосыла алмайсыз. ("табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларының" 4-қосымшасына сәйкес 4-үлгі бойынша).
Үшінші кезең
"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ өтінішті қарау қорытындысы бойынша техгикалық шартты өтінішті тіркеген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде береді. ТШ алғаннан кейін тұтынушы әкімдікке барып, газ есептегішін ала алады. Қарағанды облысының тұрғындарына есептегіштер тегін беріледі.
Төртінші кезең
Абонент өз қалауы бойынша "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-мен немесе кез келген тиісті лицензиясы бар компаниямен (бұдан әрі – мердігер) құрылыс-монтаж жұмыстарына жобалау шартын жасай алады, оған сәйкес газдандыру бойынша монтаждау жұмыстары орындалатын болады. Бұл жобада газ құбырының бағыты, жылыту қазандығын, газ плитасын орнату орындары, көлемдері мен маркалары бар материалдардың, жабдықтар мен жинақтауыштардың тізбесі көрсетіледі. Орнату жұмыстарының құны үйдің ауданына, газ құбырының ұзындығына, тірек бағанының санына, газ қазандығының моделіне және ол қай жерде болатынына байланысты. Мысалы, қос тізбекті қазандық бір тізбекті қазандыққа қарағанда қымбат, бірақ қос тізбекті қазандық арқасында сіз суды газбен қыздырып, су қыздыратын электр қазандығынан бас тарта аласыз.
Бесінші кезең
1. Жұмыс аяқталғаннан кейін тұтынушы немесе оның сенімді өкілі газбен жабдықтау желілеріне қосылу үшін "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қарағанды ӨФ-на жүгінуі қажет.
2. "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қарағанды ӨФ ақпаратты алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде берілген ТШ сәйкес орындалған жұмыстарды және реттелетін қызметті алуға әзірлікті тексеруді жүзеге асырады.
3. Орындалған жұмыстар ТШ сәйкес келмеген жағдайда "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қарағанды ӨФ абонентті не оның сенімді өкілін объектінің реттелетін қызметті алуға дайын еместігі туралы хабардар етеді.
4. Анықталған кемшіліктерді жойғаннан кейін, абонент немесе оның сенімді өкілі "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қарағанды ӨФ жұмыстардың аяқталғаны және реттелетін қызметті алуға дайын екендігі туралы қайта хабарлайды.
Алтыншы кезең
Орындалған жұмыстар ТШ сәйкес келген жағдайда, реттелетін қызметке қосуды "ҚазТрансГаз Аймақ"АҚ Қарағанды ӨФ жүзеге асырады. Ол үшін жылжымайтын мүлік иесі "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ның іске қосу-жөндеу жұмыстарының құнын төлеуі қажет. Бұл жұмыстарға газ тарату жүйесіне қосылу, жылыту қазандығына газды қосу, есептегішке пломба қою және газ плитасын іске қосу, пайдалануға қабылдау кіреді.
Шығындар:
Участіктің топографиялық түсірімі – 15 000 тенге;
Жұмыс жобасы – 16800 тенге.
Үйді газбен жабдықтау:
газ құбырларын жүргізу, 25.0 м – 112 500 тг. (1 б.м. – 4500 тг);
"ҚазТрансГаз Аймақ"АҚ іске қосу-жөндеу жұмыстары (орнату, іске қосу, пломбалау) – 23 893 тенге.
Жиыны: 168 193 тенге (құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, атқарушылық-техникалық құжаттаманы тапсыру)
Бұл сомаға газ пайдаланатын жабдықтардың құны қосылмаған:
газ қазандығы, 1 д. 120 000 - 280000 тг. (қазандық құны өндірушінің брендіне және техникалық сипаттамаларына байланысты);
газ плитасы, 1 д. 100 000 – 200 000 тг. (плита құны өндірушінің брендіне және пештің болуына және оның түріне, техникалық сипаттамаларына байланысты);
Клапанды газдану сигнализаторы СГК СО+СН4 КЗЭУГ - DN20 мм (1 д.) – 28 000 тг.; DN15 мм (1 д.) – 10 000 тг.
Газды пайдаланғаны үшін ай сайынғы төлем үйдің жел үрлейтін тесік-саңылаусыз бітелгеніне және терезелердің сапасына байланысты орташа есеппен 11–15 (160 м2) мың теңгені құрайды.