Қарағанды облысында ең алғаш рет Жастар жылының аясында Ақтоғай ауданы Ортадересін ауылдық округінің Бектауата тау шатқалында орналасқан «Факел» ҚМБСЛ-де Заманауи технологиялар мен өндірісті дамыту Ассоциациясының және «RoboClub» Робототехника мен бағдарламалау мектебінің біріккен инновациялық жобасы іске асырылуда. Ол – көшпелі кәсіби бағдарлы лагерь.
«Біздің 10 күндік жобамыздың негізгі мақсаты ойын арқылы мамандық әлеміне ену болып табылады, яғни әр алуан мамандық туралы ақпараттарды жинақтай отырып, өзіңді сол мамандық иесі ретінде сезініп көруге болады. Жоба жұмысына лагерьде демалушы балалардың барлығы қатыса алады, бұл 200 астам бала 3 альянсқа бөлініп, өз мүмкіндіктерін сынай алады деген сөз. Олардың ішінде 5-10 сынып аралығында оқитын 70 бала 6 бағыт бойынша жұмыс істеу үшін бөлінеді: робототехника (LEGO EV3), сызбаехникасы мен бағдарламаландыру (Arduino), 3D модельдеу мен прототиптеу, модельдеу және дизайн, Handmade, құрылыс пен сәулет, және флористика»,- деп Ассоциацияның вице-президенті Базарова Жұпар жоба жұмысының мазмұнымен таныстырып өтті. Жобаның қызықты бағдарламасына әр алуан зияткерлік, шығармашылық, спорттық және ойын-сауық іс-шаралар енеді. Атап айтқанда, қызықты турнирлер, хакатондар, тәжірибелер, «Ракета на старт» зияткерлік ойыны, «Ғарыш оқиғалары» атты шығармашылық жарыстар, Форд «Боярд» атты интеллектуалдық-спорттық жоба, көңілді старт, кешкі кездесулер сияқты аса тартымды да танымды шаралар. Қызықты жобалар барысында бірігіп атқарған жұмыстар балалар арасындағы қарым-қатынас кедергісін жоюға, өзін-өзі танытып, ашылуға, коммуникативтік дағдыларын дамытуға, ортақ командалық рух қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоба жұмысының барысында әр жастағы балалар мамандық таңдау ісіне біртабан болса да саналы түрде жақындай түседі, өйткені дұрыс таңдау сенімді болашақтың кепілі болып табылады.