
Қарағандыда "Альфарух" ЖШС көтерме-тарату орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Жоба ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда және әлеуметтік маңызы зор нысан.
Қазіргі заманғы логистикалық орталық елдегі ең ірі болады және ауыл шаруашылығы өнімдерін сату үшін "Солтүстік – Оңтүстік" ағындарын байланыстырады. Фермерлер өнімдерін делдалсыз сату Қарағанды нарығында ғана емес, республиканың басқа да өңірлеріндегі жемістер мен көкөністерді арзандатуға мүмкіндік береді.
Қарағандылықтарға да жұмысқа орналасудың қосымша мүмкіндіктері пайда болады. Жобаның бастамашысы бірінші кезеңде 500–ге жуық жаңа жұмыс орнын, ал болашақта 5000-ға дейін жұмыс орнын ашпақ.
Жобаның жүзеге асырылу барысымен облыс әкімі Ерлан Қошанов танысты.
Инвестор Анвар Осиннің айтуынша, жұмыстар 90%-ға орындалды. Қоймалар, көтерме және бөлшек саудаға арналған үй-жайлар, сондай-ақ кросс-доктар, жабық павильондар құрылған. Жаңа үлгідегі технологиялық алаң 60 гектар аумақта орналасқан.
Жоба "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауға ие болды. Орталыққа қажетті коммуникациялар, оның ішінде темір жол тартылды.
- Барлық жабдықтар сатып алынды. Шілде айында аумақты абаттандыруды аяқтаймыз. Тамыз айында кеденге көшуге болады. Жеткізушілердің ыңғайлылығы үшін мұнда кеден аймағы жұмыс істейтін болады. Жобаның уақтылы аяқталуына қатысты проблемалар жоқ, - деді Анвар Осин.
"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы бойынша фермерлер мен олардың өнімдерін сатып алушылар үшін электрондық сауда алаңы құрылатын болады.
Өңір басшысы инвестормен жобаның сәтті іске қосылуына қажетті мәселелерді талқылады.
- Мұндай орталық адамдарға өте қажет. Бағаны тұрақтандыру - жергілікті атқарушы билік жұмысының басым бағыттарының бірі. Біз бизнеске барлық қажетті көмек көрсетеміз, - деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Ол жобаның келесі кезеңі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жолға қойылғанын атап өтті.
Облыс әкімі қала басшысына сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін орталыққа баратын жаңа автобус маршруты мәселесін шешуді тапсырды. Болашақта бұл ауданда серіктес қалалардың тұрғындарына арналған автобекет салу жоспарлануда.