Қарағанды облысында Президенттің сайлауалды уәдесін жүзеге асыру мәселесі талқыланды

Қарағанды облысында Президенттің сайлауалды уәдесін жүзеге асыру мәселесі талқыланды

Қарағанды облысының әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды уәделерін жүзеге асыру жоспары талқыланды. Облыс әкімі Ерлан Қошанов қысқа мерзімде осы бағытта жұмысқа кірісуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды науқаны кезінде елімізде ұсыныстар жинау бойынша "Бірге" атты республикалық акция өтті. Азаматтардан барлығы 500 мыңнан астам өтініш түсті.
- Қарағанды облысының тұрғындарынан 65 мың ұсыныс түсті. Олардың барлығы Президент сайтындағы мәліметтер базасына енгізілді. Қарағандылықтар Мемлекет басшысына көбіне әлеуметтік кепілдіктер алу туралы жазған. Екінші орында білім беру мәселелері, сонан соң тұрғын үй және ТКШ мәселесі. Сондай-ақ қарағандылықтарды жұмыспен қамту және денсаулық сақтау мәселелері қызықтырды, - деді "Нұр Отан" партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова.
Ол сондай-ақ, осы мәселелердің барлығын және оларды шешу жолдарын партия мүшелері талқылап, айтылған мәселелерді тікелей шешуге кірісуге дайын екенін атап өтті.
Ерлан Қошанов қол астындағыларға әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру, еңбек ақыларын көтеру, әлеуметтік төлемдерді алуға қол жетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.