Арыс қаласына 45 қарағандылық маман мен сарапшы келді. Олар ғимараттар мен тұрғын үйлерді тексеруде. Қазіргі күні қажет болған жерлерде қалпына келтіру жұмыстарына кірісіп кетті.
Үйлерді тексеру үшін қосымша төрт компания тартылды. Бүгінгі күні 200 адам жұмылдырылып, шатырлы қалашық салынды. Әр отбасына облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлері бекітілді.
Қалпына келтіру жұмыстары 20 нысанда жүргізілуде. Олардың ішінде толық бұзылған немесе апаттық ғимараттар жоқ. Көп қабатты және жеке тұрғын үйлерде шатырды жөндеу, терезе жақтаулары мен шыны пакеттерін ауыстыру қажет. Сондай-ақ одан әрі есептеу және өтемақы төлеу үшін пәтерлердегі ішкі зақымданулар бағаланады.
Жұмыстар барынша жедел мерзімде аяқталатын болады.
Алғашқы күннен бастап Қарағанды облысы Арыс қаласында зардап шеккендерге көмек көрсетуге белсенді қатысады. 24 маусымда Қарағандыдан 10 тонна гуманитарлық жүк жөнелтілді. 28 маусым - қосымша тағы 15 тонна жіберілді. Қайырымдылық қорына 12 млн. теңге аударылды.