Қарағанды облысының медициналық қызметкерлері жалақыларына қосымша үстемақы ала бастады

Қарағанды облысының медициналық қызметкерлері жалақыларына қосымша үстемақы ала бастады

Қарағандылық дәрігерлер көтеріңкі еңбекақы ала бастады. Бұл туралы Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Осы айдан бастап денсаулық сақтау саланының 18 398 қызметкері жаңа жалақы алады. Дәрігерлер, медбикелер мен мейірбикелердің жалақыларына қосымша 30 пайыздық үстеме қосылады. Оның ішінде, қызметтік жалақы емес, нақты еңбекақы көтерілді.

Мысалға, егер бұған дейін медициналық қызметкер 80 000 теңге алса, бірінші шілдеден бастап оның жалақысы 24 000 теңгеге көбейіп, 104 000 теңгені құрайтын болады.

Денсаулық сақтау жүйесінің барлық салаларында жалақы көтерілді. Көмекші қызметкерлердің де (хатшылар, күзетшілер, аула сыпырушылар және т.б.) жалақыларына 22 мен 30% аралығында үстемақы қосылады. Есептеулер жұмыс өтіліне, қызмет көрсету саласы мен қосымша жұмыстарға қатысты есептеледі.

Жаңа жалақыны санау мәселесін Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаев жеке өз бақылауына алды. Ол үшін мекемеде zarplata@zdravkrg.kz электронды поштасы құрылды. Мұнда жалақының жаңа жүйесіне байланысты сұрақтары туындаған облысымыздың кез келген медициналық қызметкері жаза алады.

- Еңбекақыны қайта есептеулер орын алған жағдайда қызметкерлерде үнемі сұрақтар туындайды. Сондықтан мен жаңа электронды пошта құруды тапсырдым, онда қандай да бір мәселе туындаған жағдайда біздің кез келген қызметкер хат жаза алады немесе жаңа жалақы туралы түбіртектің суретін жібере алады, - деп түйіндеді Ержан Нұрлыбаев.

Жалақыны көтеру республикалық бюджет және өңіріміздің медициналық ұйымдарының жеке есебінен жүргізіледі.

Еске салайық, бюджет саласының жалақылары төмен қызметкрелеріне еңбекақыларын көтеруді Nur Otan партиясының съезінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын. Кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен осы тапсырманы орныдау мерзімі 2019 жылдың 1-ші шілдесіне ауыстырылды.