Қарағанды облысы Арыс тұрғындарына көмектесуде

Қарағанды облысы Арыс тұрғындарына көмектесуде

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Түркестан облысының Арыс қаласында болды. Онда ол оқ-дәрілер қоймасындағы жарылыстан кейін бүлінген үйлерді қарағандылықтардың қалай қалпына келтіріп жатқандығын көрді.
Қазір қалада Қарағанды өңірінен келген 200-ге жуық маман жұмыс істеп жатыр.

Қалпына келтіру үшін тоғыз өңір жауап беретін бүлінген үйлерде терезелерді, шатырларды, есіктерді ауыстырып, басқа да жұмыстар атқару қажет.
-Егер сізден қосымша бір нәрсе жасауды сұраса - жасаңыз! Егер зардап шеккен адамдарда зақымдалған үйлерді қосымша жөндеу қажеттілігі туындаса, жоспарды қатаң түрде ұстаудың қажеті жоқ, -деді Ерлан Қошанов.
Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары, қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары жергілікті жерде жұмыстың сапасы мен жылдамдығын қадағалауда. Олар сондай-ақ зақымдалған үйлердің тұрғындарымен кездесті.
- Біз Шымкенттегі эвакуациялық пункттен Арысқа келгеннен кейін пәтерде терезе жоқ екенін көрдім. Сол күні құрылысшылар келіп, өлшеулер жасады. Терезені ауыстырды. Тез, адал, сапалы жұмыс атқарылуда. Өздері өте сыпайы. Біз ризамыз, - деді Әл-Фараби көшесіндегі № 5 тұрғын үй тұрғыны Күләш Ешназарова
Ерлан Қошанов снаряд түскен жеке үйге де кірді. Жарылыс шатырды зақымдап, терезелер мен бөлме аралық есіктердің әйнектерін қиратқан екен.
- Біздің үйді тез жөндеуге жылдам келіскендігіңіз үшін сізге алғысым шексіз. Барлық зақымдарды эвакуациялық пункттен қалаға қайтып келгенде ғана көрдік. Әрине, бізге қираған нәрселерді тез қалпына келтіру қиын болар еді, - деді үйдің иесі Күләйша Еребаева.
Қалпына келтіру жұмыстарынан басқа, демеушілік қаражат есебінен Қарағанды облысы қаланың бір ауданында тренажерлары бар спорт алаңын салады. Аулалық аумақты екі аптаның ішінде абаттандыру жоспарлануда.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов №18 мектеп қызметкерлеріне оқушыларға арналған спорттық құрал-жабдықтар жиынтығын табыс етті. Жиынға волейбол және футбол доптары, бокс шлемдері мен қолғаптар және т.б. кірді.
Қарағандылықтар зардап шеккендерге, соның ішінде шығынды бағалау және өтемақы алу үшін құжаттар жинауда көмектеседі. Принтерлермен және компьютерлермен жабдықталған қабылдау пунктері тікелей тұрғын үйлердің аулаларында ашылды. Олар демалыссыз жұмыс істейді.
Қарағанды облысының есебінен Арыс қаласында барлығы 591 пәтер мен жеке үйлер қалпына келтіріледі. Барлық жұмыстар қысқа мерзімде аяқталады.

Бүгінгі таңда Қарағандыдан Арыс қаласына гуманитарлық көмек әлі де жіберіліп жатыр: азық-түлік, дәрі-дәрмек және жеке гигиена құралдары.