
Қарағанды облысында 12–18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді Pfizer препаратымен иммундау басталады. Вакцинация тек ата-аналардың немесе олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі.
Кеше аймаққа 40 950 доза мөлшерінде Pfizer вакцинасы жеткізілді. Препарат екі компонентті болғандықтан, вакцина 20 475 қарағандылық үшін қолжетімді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев мәлім етті.

– Pfizer вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді, сондай-ақ жүкті және бала емізетін аналарды вакцинациялау үшін ұсынады, – деді ол. – Қазіргі уақытта әлемнің 20-дан астам елі бұл вакцинаны 12 жастан бастап жасөспірімдерді иммундау үшін қолданады.
Облыста жасөспірімдерді вакцинациялау білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде өтеді. Сондай-ақ, Қарағанды қаласының алты егу пунктінде иммундау жүргізіледі. Ата-аналар балаларды осында да әкеле алады.

– Вакцинацияға ата-анасы немесе заңды өкілі қол қойған, вакцинациялауға жазбаша келісімі бар балалар ғана шақырылады, – деп түсіндірді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова. – Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында егілгендерге медициналық бақылау жүргізу үшін кабинеттер дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Pfizer вакцинациясына қарсы көрсетілімдер: белсенді затқа немесе препараттың кез-келген басқа компоненттеріне аллергия, 12 жасқа дейін және 16 аптаға дейін жүктілік. Егер адамда жіті жұқпалы ауру немесе созылмалы аурулардың өршуі болса, вакцинацияны кейінге қалдыру керек.
Pfizer – екі компонентті вакцина. Екі дозаның арасындағы алшақтық 21-ден 28 күнге дейін.