
Жас робототехниктер тағы да Қарағандыдағы фестивальде бас қосады. Пандемияға байланысты дәстүрлі жарыстар бір жылдан астам уақытқа кейінге қалдырылған болатын. Енді кездесуді қайта жандандыруға мүмкіндік туды, алайда фестиваль жаңа талаптарға сай өткізілмек.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялардың ROBOLAND-2021 VI фестивалі 3-4 желтоқсанда Қарағандыда өтеді. Ол Оңтүстік-Шығыстағы жаңа Оқушылар сарайында ұйымдастырылады.
Биыл фестиваль халықаралық форматтан бас тартты, басқа елдердің командалары шақырылмайды. Қазақстанның көптеген өңірлерінен қатысушылар күтілуде. Тіркелу www.roboland.kz сайтында басталып кетті.
Техникалық шығармашылық сайысында 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер жарысады. Қатысушылардың өзара байланысын азайту үшін жарыс санаттарының саны сегізге дейін азайтылды.
«Болашақ білім берудегі Робототехника» шығармашылық жобалары ұсынылады. Бағдарламаға ұлттық нақыштағы «Теңге алу» жарысы енді. Роботтар алаңда импровизацияланған монеталарды мүмкіндігінше көбірек жинауы керек. Ережені жергілікті робототехника оқытушылары Дулат Ақылтаев, Әділбек Бердіходжаев және Еркебұлан Ибраев ойлап тапты.
Әдетте ROBOLAND жарыстарын жүздеген адам тамашалауға келетін. Бұл жолы санитарлық шектеулерге байланысты фестиваль көрермендерсіз өтеді. Бейнетрансляция YouTube-каналы арқылы көрсетіледі.
ROBOLAND – Қазақстандағы алғашқы және ең ірі робототехникалық жоба. Бірінші фестиваль 2015 жылы өтті, бес номинацияда Қарағанды облысы мен Қазақстанның қалаларынан 30 команда жарысты. Бір жылдан кейін ол Халықаралық атанып, Қазақстан, Ресей және Сербиядан 200-ден астам команда қатысты. Жыл сайын фестиваль ауқымы кеңейе бастады. 2018 жыл сайыс рекордты болды: 32 номинация, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Польшадан келген 1 500 бала мен жасөспірім. Алғаш рет STEM Robot Mouse санатында мектеп жасына дейінгі балалар жарысты.