Қарқаралы ауданының Бесоба ауылында «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында өнер сүйер қауым арасында «Өнер көкпарлары» атты сайыс өтті. Ол Жастар жылы мен Нүркен Әбдіровтің 100 жылдығына арналды. Бұл іс-шараны Бесоба әкімдігінің, жергілікті мәдениет үйінің қызметкерлері және ауыл тұрғындары ұйымдастырды.
- Көкпарға танымал эстрада әншілері, ақындар, айтыскерлер мен халық әндерін орындаушылар қатысты. 4 команда болды. Бұл үшінші көкпар, алдыңғы екі рет құрылысшы ауылында өткіздік. Тағы да бірнеше аудан мен ауылдарды аралап шығу жоспарда бар, - деді жарысты ұйымдастырушылардың бірі Амангелді Ахметжанов.
Көкпардан бірінші орынды «Көкбері» командасы иеленді. Бұл командаға белгілі әнші Саят Әбдіғали жетекшілік етті. Екінші орынды Сержан Мұсайынның «Дода» командасы иеленді. Үшінші орында - ақын Айтбай Жұмабайдың «Алаш» командасы. Ал Тілеген Әділовтың «Бөрлі байрақ» командасы тізімді түйіндеді.
Көкпардан кейін қонақтардың қатысуымен Бесоба ауылдық округінің клубында «Ауылым – алтын бесігім» атты концерт өтті. Оған ақындар, танымал эстрадалық әншілер мен халық әндерін орындаушылар қатысты. Ауыл әкімі Ержан Қуанышбаев құттықтау сөз сөйледі.
Сондай-ақ, Бесоба ауылында аударыспақ және теңге алу жарыстары өтті.
Аудандық әкімдікте атап өткендей, жарыс жастарды ұлттық салт-дәстүрлермен таныстыруға, ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталған.