Қарағанды облысында студенттік жатақханалар салуға инвесторлар іздестірілуде

Қарағанды облысында студенттік жатақханалар салуға инвесторлар іздестірілуде

Қарағанды облысында студенттерге арналған жатақханалар салу үшін инвесторлар іздестірілуде. «Қаржы орталығы» АҚ мен кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған кездесуде осы бағдарламаның шарттары туралы егжей-тегжейлі айтылды. Қатысушылар арасында жергілікті жоғары оқу орындарының, колледждердің өкілдері, бизнесмендер, білім басқармасының, «Сарыарқа» ӘКК» АҚ және «Даму» Қоры филиалының өкілдері болды.
Елбасы әлеуметтік бастамалардың бірін жүзеге асыру үшін 2022 жылдың соңына дейін ЖОО мен колледж студенттерін 75 мың төсек-орынмен қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Жатақханалардың құрылысына мемлекет он жыл ішінде 118 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін «Қаржы орталығы» АҚ құрылысшылардың, жоғары оқу орындарының және мемлекеттің қатысуымен мемлекеттік - жеке меншік әріптестік моделін ұсынады.
«Қаржы орталығы» АҚ менеджері Олжас Байғожиннің айтуынша, жатақханаға ғимарат салып, қайта жөндейтін кәсіпкерлерге студенттерді, магистранттарды және докторанттарды тұратын орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс түріндегі шығындарды өтейді. Бұл тетіктің операторы болып «Қаржы орталығы» АҚ белгіленді.
- Кәсіпкерлер жатақханалар салуға өтініш береді. Олардың жобалары қаралады. Егер құжаттардың барлығы дұрыс болса, инвестормен немесе жеке кәсіпкермен алдын ала шарт жасалады. Жатақхананы өз қаражаты есебінен салатын болады. Пайдалануға берілгеннен кейін нақты саны бойынша студенттерді орналастыруға мемлекеттік тапсырыс алады. Егер жатақхана салынса, мемлекеттік тапсырыс көлемі жылына бір студентке 122 АЕК құрайды. Қайта жаңғыртылған жағдайда - 47 АЕК. Төлем мерзімі - сегіз жыл, - деп түсіндірді «Қаржы орталығы» АҚ менеджер-кураторы Олжас Байғожин.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 3 оқу орнында 1 500 студент жатақханадан орын алады. Өңірде 2022 жылдың соңына дейін мың орынға арналған үш жатақхана пайдалануға берілмек.
- Жатақханаларды мемлекеттің жалға алу мерзімі - 20 жыл. Осы мерзім ішінде ғимараттың мақсатты бағытын өзгертуге тыйым салу көзделген. Жоғары оқу орындары студенттерге тұрғын үй береді, түскен табыстың бір бөлігі құрылыс салушыларға түсетін болады, - деп атап өтті Олжас Байғожин.

«Атамекен» АКП баспасөз қызметінің ақпараты бойынша