Ерлан Қошанов Жезқазған-Сәтпаев тас жолында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды

Ерлан Қошанов Жезқазған-Сәтпаев тас жолында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Жезқазған жолының учаскесіндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Оларды 2020 жылдың қазан айында толық аяқтау жоспарлануда. Бірақ өңір басшысы қазірден бастап көлік жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.
- Қыркүйек айына қарай, мүмкін болған бетте, жолды бөлетін белгілер мен жолақтар орнатыңыздар. Жаз басталғаннан бері осы бөлікте көптеген апаттар орын алды, соның ішінде өліммен аяқталғандары да бар. Бұл жол «өлім жолына» айналып барады. Жағдайды түзету керек, - деді ол.
Мердігерлер болса, өз кезегінде тапсырманы қысқа мерзімде орындауға уәде берді.
Қазіргі таңда жөнделетін учаскеде 20 адам және 19 бірлік техника, оның ішінде каток, автогрейдерлер, асфальт төсегіштер жұмыс істейді.
Осы жылдың соңына дейін мердігер компания жол төсемін асфальтбетонмен тегістеп, жол жабынын жайластыру және жол жиегін 10 сантиметр қиыршықтас қабатымен нығайту керек.
Келесі жылы жоспар бойынша Жезқазған мен Сәтпаевтың арасында қырлы тас төселген жайлы аялдама павильоны, жиек тастар, трасса бойындағы металл қоршаулар мен көше шамдары пайда болуы тиіс.