Қарағандылық оқушылар республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференцияда бірінші орынға ие болды

Қарағандылық оқушылар республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференцияда бірінші орынға ие болды

Қарағандылық оқушылар Рамазан Накупов пен Еркежан Бимендина қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Алаштың дауылпаз ақыны: қазақ поэзиясындағы жаңашылдық үрдісі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциясында бірінші орындарды иеленді. Іс-шара Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде өтті, оған жүзден астам адам қатысты.

Конференцияны облыстық білім басқармасы қазақ әдебиетінің даму тарихына елеулі үлес қосқан және баға жетпес мұра қалдырған ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының қайраткері, ақын, журналист, драматург, композитор және аудармашы Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеу үшін ұйымдастырды. Сондай-ақ, ақынның адамгершілік идеялары негізінде өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу.

Конференция жұмысы екі секциялық бағытта жүргізілді. Біріншісі – «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда», онда іс-шараға қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығы, поэзиядағы жаңашылдық туралы, сондай-ақ Қасым Аманжоловтың азаматтық ұстанымы мен тұлғасы туралы әңгімеледі. Екінші бағыт – «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» – ақын шығармашылығының нақты аспектілеріне қатысты болды.

«Ғылыми-тәжірибелік конференцияға 100-ден астам жұмыс пен өтінім келіп түсті, оның ішінде колледж оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінен – 17, студенттер мен оқушылардан – 83, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Орал, Қызылордадан мақалалар келіп түсті», - деді іс-шараны ұйымдастырушылар.

Қатысушылардың ғылыми еңбектерін арнайы комиссия мүшелері бағалады.  Жезқазған қаласының «Өркен» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Рамазан Накупов пен Шет ауданының Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Еркежан Бимендина екі бағыт бойынша бірінші орындарды иеленді.