Қазақстанда ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды

Қазақстанда ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды

Қазақстан Президенті жарлығымен ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сенім Ұлттық кеңесінің ережесі мен құрамы бекітілді, деп хабарлайды akorda.kz.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты - жұртшылық, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
Ұлттық кеңестің негізгі міндеттері - тұжырымдамалардың, Мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу; жұртшылық пен азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарау; жұртшылық, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдар өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету; өз құзыреті шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру болып табылады.
Жарлықтың толық мәтінімен мына жерден танысуға болады: www.akorda.kz/kz/legal_acts/decrees/kazakstan-respublikasy-prezidentinin-zhanyndagy-ulttyk-kogamdyk-senim-kenesinin-erezhesin-zhane-kuramyn-bekitu-turaly

Ұлттық кеңестің бірінші отырысы тамыз айында, шамамен айдың 20-да өтеді. Бұл туралы баспасөз конференциясы барысында ОКҚ-Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, хатшысы Ерлан Қарин айтып өтті.

«Президент ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы бастаманы алғаш рет мамыр айының басында өз сайлау науқанының басталуында жария етті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бастамасы Президенттің сайлауалды науқанының басты тармақтарының бірі болды, сондықтан инаугурация күні алғашқы шешімдердің бірі ұлттық кеңес құру туралы Жарлықтың қабылдануы болды», - деді Е.Қарин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ерлан Қарин атап өткендей, Ұлттық кеңестің құрамы теңдестірілген, оған еліміздің барлық негізгі қоғамдық-саяси топтарының өкілдері кірді.

«Мұнда ескі оппозиция өкілдері, жаңа наразылық қозғалысының өкілдері, азаматтық белсенділер, адам құқығын қорғау мәселелерімен ұзақ жылдар бойы айналысатын белгілі құқық қорғаушылар, жастар белсенділері мен көшбасшылар, сондай-ақ өңірлердің өкілдері мен жетекші қазақстандық сарапшылар бар. Менің ойымша, бұл құрам біздің еліміздің қоғамдық-саяси өрісінің негізгі спектрін білдіреді. Бірақ ең бастысы, мұнда тек беделді азаматтық қоғамның өкілдері ғана емес, сондай-ақ құзыретті мамандар да ұсынылған. Бұл бізге ертең ұлттық кеңес аясында көтерілген мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Е. Қарин.

Ерлан Қарин Ұлттық кеңестің бірінші отырысының күнін атап өтті.

«Президент мәлімдегендей, Ұлттық кеңестің бірінші отырысы тамыз айында, шамамен айдың 20-да өтеді. Қазір алдағы кезеңде біз күн тәртібін, жұмыс форматын анықтайтын боламыз. Ұлттық кеңес аясында түрлі бағыттар бойынша жұмыс топтары құрылады деп ойлаймыз», - деді Е. Қарин.

Ерлан Қарин саяси, экономикалық, экологиялық немесе Әлеуметтік сала мәселелері бойынша мүмкін бағыттарды жоққа шығармайды. Ол ұлттық кеңес кең диалог алаңы болатынын атап өтті.
«Әр түрлі салалар бойынша, жекелеген бағыттар бойынша жұмыс топтары құрылады. Осы топтар шеңберінде нақты ұсыныстар, мәселелер талқыланады. Жұмыс топтарын талқылау шеңберінде қабылданған және келісілген ұсыныстар кеңестің талқылауына шығарылатын болады және тікелей ел Президентіне жіберілетін болады. Осыған байланысты жекелеген өзгерістер енгізілетін болады, ұсыныстар, түзетулер, қандай да бір мемлекеттік бағдарламалар, нормативтік құқықтық актілер болуы мүмкін, яғни жұмыстың барлық алгоритмін біз консультативтік органның бірінші талқылауы барысында талқылаймыз. Барлығын әріптестерімізбен бірге алқалы түрде шешеміз», - деп атап өтті ҚР Президентінің кеңесшісі.

Ерлан Қарин хабарлағандай, жұмыстар аймақтарда да жүргізілетін болады.

«Азаматтық қоғамның мүддесін қамтамасыз ету үшін Ережеде Кеңестің отырыстарына жергілікті билік органдары жанындағы, әкімдіктер жанындағы Қоғамдық кеңестің өкілдері шақырылатын болады. Яғни, барлық өңірлерден Қоғамдық кеңестер ұсынылатын болады. Бұл мәселені жалпы ұлттық ауқымда да, жекелеген өңірлердің көзқарасы тұрғысынан да талқылауға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Е. Қарин.

ortcom.kz