
Ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай қазақ драма театрының әртістері көрермендерге театрландырылған қойылым көрсетті, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұлы ақынның өзіндік ерекшелігі мен талантын ашатын музыкалық кеш дайындады. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды театрының сахнасында «Жыр алыбы» концерті өтті.
– Бұл театр мен біздің концерттік бірлестіктің бірлескен жобасы. Бағдарламаға Жамбыл Жабаевтың өлеңдеріне жазылған әндер мен ол туралы баяндайтын шығармалар енді. Концерт жақсы өтті деп ойлаймын, – деді Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің жетекшісі Талғат Ыдырысов.
Музыкалық кеш Жамбыл Жабаев туралы театрландырылған қойылымнан басталды. Сейфуллин театрының әртістері 20 минут ішінде Жамбылдың дүниеге келуі мен балалық шағын көрсетіп, Жамбыл мен Құлмамбет, Жамбыл мен Айкүмістің айтыстарын орындады.
– Бұл жұмыс өткен жылы толыққанды спектакль ретінде шығуы тиіс еді, бірақ пандемияға байланысты бәрі өзгерді және біз қойылымды 20 минутқа дейін қысқарттық. Мен Жамбылдың әкесін ойнаймын. Бұл мен үшін өте жауапты, 30 жыл ішінде сахнада 90-нан астам рөл ойнадым, бірақ бұл рөл ерекше. Жапа, Жамбылдың әкесі, өте қатал, бірақ соған қарамастан, ол Жамбылды өзі қаламаған нәрсемен айналысуға мәжбүрлемеген. Аз уақыттың ішінде біз Жамбылдың тұлға ретінде қалыптасуын көрсетуге тырыстық, – деді ҚР Мәдениет қайраткері Бауыржан Сүлейменов.
Театр қойылымын Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің концерті жалғастырды. Дирижер – «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Бақтыгерей.
Сурет авторы Александр МАРЧЕНКО