
Бүгін, 20 шілде күні Қарағандыда триатлоннан республикалық жарыс басталды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 500-ден астам спортшы қатысуда.
Жарыс Орталық саябақтағы көлде басталды. Сайыс екі күнге созылады.
Қатысушылар үш жарыс түрі бойыншабақ таластырады: жүгіру, велосипедпен жүру және жүзу. Бүгін, 20 шілде күні сағат 9.00-ден 12.00-ге дейін екі санатта жарыстар өтеді: 18 жастан 23 жасқа дейінгі және 13 жастан 18 жасқа дейінгі қатысушылар үшін. Ересектер «стандарт» қашықтығын өтулері тиіс: 1500 м жүзу, 40 км веложарыс және 10 км жүгіру. Балалар үшін басқа нормативтер қарастырылған: 250 м жүзу, 6,6 км велосипедте және 1,6 км жүгіру.
Ертең, 21 шілдеде әуесқойлар үшін триатлоннан «TEMIRADAM» Кубогы өтеді. Спринтерлік қашықтықтағы жарыс олар үшін үш кезеңнен тұрады: 750 м жүгіру, 20 км веложарыс және 5 км жүгіру. Додаға шамамен 130 адам қатысады деп күтілуде, оның ең үлкені 60 жаста.
Жарыс өтетін жерде үш жедел жәрдем көлігі кезекшілік етеді. Тағы бір қосымша дәрігерлер бригадасы орталық саябақта орналасқан. Сондай-ақ көл бойынша моторлы қайықта төрт құтқарушы командасы жүреді.
Жарысқа байланысты қала орталығындағы жолдар жабылмақ. Бүгін, 20 шілде, 7.00-ден 12.00-ге дейін бұл жерден көлікпен өту мүмкін болмайды. Ертең. 21 шілде, қозғалыс сағат 7.00-ден 14.00-ге дейін шектеледі.
Қарағандыда триатлоннан республикалық жарыс төртінші рет өтіп жатыр. Өткен жылы Теміртаудан келген Денис Әлімов үшсайыстың жеңімпазы атанды. Екінші орынды қарағандылық Дмитрий Емшанов, үшінші орынды астаналық Виталий Кузнецов иеленген болатын.